Ауыр еңбек пен мардымсыз жалақы: Алматылық көше тазалаушылардың халі қалай
Алматыда таңертеңнен бері жауған қар әлі толастаған жоқ. Қаланың коммуналдық қызметінің мәліметінше, сағат 12:00-дегі жағдай бойынша 7 сантиметр қар жауған. Ал көшелердің бойларын, аялдама мен жүргіншілер өтетін жолдарды тазалап жүрген қар тазалаушылар қызу жұмысқа кіріскен. Stan.kz ақпарат агенттігі таң атқаннан кеш түскенше бел жазбай, қала тазалығын қадағалайтын азаматтармен тілдесіп қайтты.
“Ана жер дұрыс тазаланбаған” деп сынайтындар бар”
Күні кеше ғана көктемнің лебі сезілген Алматы көшелері тоқтаусыз түскен ақ ұлпаның арқасында қыстың кейпіне қайта түскен. Жауған қардан бүркеніп, әсіресе оңтүстік астанаға таңсық ызғардан жаураған жұрт үйлеріне жетуге асығуда. Тек қолына күрегін ұстап, жүргіншілер жолын ашып жатқан Аманбай аға асықпай жұмысына кіріскен. Таңертең 8-ден бастап жұмысқа шыққан оның күртесі суықтан қатып қалған. Ал ауыр жұмысқа әбден үйренген қолдары аязды сезбейтіндей.
Аманбай Қашқынұлының қала тазалықшысы болып еңбек етіп келе жатқанына 2 жыл болған. Күн сайын Есік қаласына қатынап келетін ол арнайы автобуспен барып келетінін айтады.
“Азанда 8-де басталған жұмыс кешке дейін жалғасады. Күн жылыса көшелерді жапырақтардан тазартамыз, қоқыс жинаймыз, ал бүгін қармен алысып жатырмыз. Бір бригадада 28 адам болсақ, әр көшенің бойына 4-5 адамнан бөлінеміз. Бүгін қар мәссаған болды, бір жағынан тазаласақ, екінші жағы қайта жиналады. Бүгін жауған қар ертең мұзға айналады. Сол кезде қолымызға тағы күрек алып, сол мұздарды қырып шығамыз”, – дейді ол.
Аманбай ағаның айтуынша, тазалықшылар кезектесіп демалып отырады. “Сегіз күн жұмыста болсақ, бір күн демаламыз” дейді ол. Күнмен жарысып қала тазалығын күзетушілердің жалақысын сұрауды да жөн көрдік.
“Айлығымыз 140-150 мың теңге болады. Үйде отырған бала-шағамыз бар, ас-ауқатымыз, отын-суымыз деп еңбек етіп жүрміз”, –деп жалғады ол. Тазалықшылардың сөзінше, жалақыларының мөлшері 180-200 мың теңгеге дейін жететіндер бар екен. “Жұмыс тәжірибесіне де қарайды” – дейді олар.
Кейде халық арасында қардың уақытылы тазаланбайтынын айтып сынап жататын азаматтар кездеседі. Көп жағдайда өздері жылы жерде отырып суықта жұмыс істейтіндердің еңбегіне мін артатындар туралы тазалықшылардың пікірін білдік.
- "Баласының сыңары бар деп өтірік айтып, жерлеуіне ақша жинаған": Блогер алматылық әйелге алданып қалғанын айтты
- "Бірінші саман кірпіш пен тастан салынған нысандар қирайды": Алматыдағы үйлердің қайсысы жер сілкінісіне төзімді
“Иә, ондай адамдар кездеседі. Бірақ олардың сөзіне мән бермейміз. Өзіміздің тазалықтың бригадирлері, бастықтарымыз бар солардың айтқанын жасаймыз. Көбісі біздің жұмысымыз жайлы білмейді, технологиямызды түсінбейді. “Ана жерде қоқыс жатыр, мына жер дұрыс тазаланбаған” дейтіндер бар, бірақ олармен сөз таластырмаймыз. Өз жұмысымызға адалмыз”, – деп түсіндіреді ол.
“Кейде адамдар ыстық шай әкеліп беріп жатады”
Есік қаласынан күнделікті келіп қала тазалығымен айналысатын азаматтың тағы бірі – Қанатжан Нүсіпов. Ол Аманбай аға еңбек ететін бригаданың аға бригадирі. Таңертеңнен бері сыртта жүрген ол аяғынан сыз өтіп кеткенін жасырмады. Ол мұндай жағдайда жұмыс істейтін кездер аз емес екенін айтады. 4 жыл бойы қала тазалықшысы болып еңбек етіп келе жатқан оның айлығы 150 мың теңге.
Тазалықшылардың сөзінше, кейде көшеден азаматтар жолығып ыстық шай мен тоқаш әкеліп беретін кездері болады екен.
“Біз жылы жерде отырамыз ғой, сіздердің жұмыстарыңыз ауыр” деп кейде бір адамдар шығып шайымызды, кофемізді әкеліп беріп жатады. Ондай азаматтарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Көшеде кезіккен адамдар да жылы лебізін білдіріп кетеді. Еңбек бағаланса – қуанамыз”, – дейді Қанатжан Нүсіпов.
Осыдан кейін аялдамада тұрған тазалықшыларды көлік келіп алып кетті. Жұмыс уақыты біткен олар үйлеріне барып демалған соң, ертесі қайта қала тазалығына кіріседі.
Айта кетейік, 16 ақпанда сағат 07:30-дан бастап Алматы қаласында жаңбыр жауып, соңы қарға ұласқан. Осы себепті қаланың коммуналдық қызметтері күшейтілген режимге көшірілген. Қарды тазалауға 483 арнайы техника мен 1180 жол жұмысшысы жұмылдырылған. Көктайғаққа қарсы материалды себу үшін 176 құм себетін машина қолданылып жатыр.
Қоғамдық көлік аялдамалары мен биік жаяу жүргіншілер өткелдері қолмен тазартылады. Аудан әкімдіктері жұмыс барысын бақылау үшін тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырғаны айтылады.