Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Алматыға оқуға түскен ауылдағы үшінші адаммын": Жұлдыз Сүлейменова алғаш рет балалық шағынан сыр шертті

Танымал Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова алғаш рет балалық шағы мен өскен ортасын айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Подкастан скриншот

Саясаткер Kozqaras подкастында қонақ болып, бала күнінде қандай болғанын жасырмады. 

“Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы, Бершүгір деген станцияда дүниеге келдім. Сол ауылда мектепті бітіріп, Алматыға оқуға түстім. Үйдің үлкені болғандықтан, бүкіл жауапкершілікті арқалап өстім. Інім мен сіңліме қарайласып өсуім керек деген ұстаным болды. Жақсы оқу керек, тәртіпті болу керек деген жауапкершілікпен өмір сүрдім. 2006 жылға дейін тек солар үшін өмір сүріппін. Сол кезде мен психологиялық кітаптарды көп оқыдым. Мотивация беретін әдебиеттермен таныстым. Бір күні інім мен сіңліме: “Сендердің өмірлерің өздеріңнің мойындарыңда. Адам болғыларың келе ме, жақсы оқыңдар, жауапкершілік алыңдар” дедім. Содан кейін менің өмірім өзгеріп сала берді. Мен мектепте өте жақсы оқыдым. Оны бүкіл ауылдастарым мойындайды. “Алтын белгіге” үміткер болдым, бірақ белгілі себептерге байланысты қорғай алмадым. “Үздік аттестатқа” бітірдім. Бірақ менің әжем менің жігерлендіріп, “Алтын белгі алғандардан да мықтысың” деп қанат бітірді. Ауылымыздағы Алматыға оқуға түскен үшінші адаммын. ҚазҰУ-ға түскен екінші адаммын. Бұл біздің ауылымыз үшін үлкен жетістік еді”, – деп балалық шағын есіне алды депутат. 



Сонымен қатар Мәжіліс депутаты тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қарсы заңды енгізуге атсалысқан белсенді азаматша. Заңның қалай қабылданғанын да айтып берді. 

“Қараша айында резонансты үлкен оқиға болды. Сол оқиғаға байланысты депутаттық сауал жолдадым. "Үкіметке кеткен заңымызға қорытынды жоқ" деп қатты айттым. "Ешкім қазақтың қызын ұруға, ұрып өлтіруге қақысы жоқ" деп пайымымды жаздым. Сол депутаттық сауалды оқыған кезде залда сондай тыныштық орнады. Жазылғаннан ауыр депутаттық сауал болды. Ол тағдыр ғой. Дегенмен бір қазақ қызының тағдыры емес, бүкіл қасіретті қазақ қыздарының тағдыры. Оны айту қандай қиын болса, тыңдау да сондай қиын болды. 8 депутат қосылмады, 90 депутат қолдады. Содан бастап заңға байланысты "сең" қозғалды. Сөйтіп, қаңтар айында Мәжіліске заң жобасы болып жұмысқа қабылданды", – деді Жұлдыз Сүлейменова. 

Еске салайық, "Әйелдерінен қысым көретін еркектер де бар" деп Депутат Аманжол Әлтай әйелдер туралы заң жобасында еркектердің сөзін сөйлеп шыққанын жазған едік. 

Талқылау