Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ауылда тұрып жатқандаймыз": Алматы облысында "комфорт-класстағы" үйдің тұрғындары уәде етілген жайлы жағдайға жете алмай жүр

Алматы облысында "комфорт" санатты үй алған тұрғындар “үйдің ауласы мердігер айтқандай болмады, жайлы жағдай жасалмады” деп наразылығын жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Видеодан скрин

“Комфорт” санаттағы үйді салған құрылыс компаниясы ауладағы абаттандыру жұмыстарын ұмыт қалдырған. Тұрғындардың айтуынша, қоршаудан бастап, футбол алаңы мен үй алдындағы орындыққа дейін келісімдегі сурет жүзінде ғана қалған. Олар Талғар ауданының әкімдіг толық бітпеген үйді қабылдап алғанын айтады. 

“Қыздарым да осы жерде ойнап жүреді. Содан кейін бір күні үйге жараланып, беті көгеріп келді. Мына жерде жоба бойынша футбол, баскетбол алаңы болуы керек еді, ол атымен жоқ”, – дейді тұрғындардың бірі Динара Тыналина.

Құрылыс компаниясы балалардың қауіпсіздігіне де қолды бір сілтеген көрінеді. Тұрғындар балалар алаңында жұмсақ жабынды төселмегенін айтады. 

“Балалар асфальтта ойнайды. Ешқандай төселім салынбаған. Ойнайтыны барлығы темірден. Алаң —  ашық.  Ауылда тұрғандаймыз, ал қалаға тиіп тұрған жер”, – дейді үй тұрғыны Күлімжан Сламбай.

Тұрғын үйдің қоршауының жоқтығына қапа болған алаңдағы орындықтар мен қоқыс тастайтын жәшікті өз қалтасынан ақша шығарып, орнатқан. Олар әр үйден ақша жинап, аулаға құм төсеп, жасыл желек отырғызған. Алайда тұрғындар қалған олқылықтарды құрылыс компаниясының түзегенін талап етіп отыр. Олардың айтуынша, тұрғын үйдің не себепті уақытынан бұрын қолданысқа берілгенін білгісі келеді. Алайда компания олардың сауалдарына жауап беруге асығар емес. 

Бірақ Талғар ауданының әкімдігі бұл кешенді пайдалануға қабылданбағанын мәлімдеді. Анықталғандай, 2020 жылы мұнда абаттандыру жүргізуге қаражат бөлінген. Сол кезде басталған жұмысты прокуратура тоқтатқан.

“Аспан ситидің" абаттандыруын олар жасап жатқан кезде, 2021 жылы 12 желтоқсанда Талғар ауданы прокуратурасынан бұл жерге ақша заңсыз бөлінген деген хабарландыру келді. Сосын оның жұмысын тоқтатып тастады. Бүгінгі күні ол жерге ақша бөлінген жоқ, абаттандыруға және де қолдануға беруге де қабылданған жоқ”, – дейді Талғар ауданы құрылыс бөлімінің бас маманы Бақытжан Абдуллаев.

Осылайша әкімдіктегілер тұрғындардың мәселесіне кешенді салған компания жауапты деп отыр. Алайда жауапты компаниядан хабар жоқ. Тұрғындар жайлы жағдайды талап еткен тұрғындар ауланы бастапқыда уәде етілгендей жасап беруді сұрайды. Болмаса, сотқа жүгінуге мәжбүр екенін жеткізді.

Талқылау