Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ауыл шаруашылығы министрлігі шегіртке туралы жазбасы үшін журналистің үстінен шағым түсірді

Фото: Ru.freepik.com

Ауыл шаруашылығы министрлігі шегіртке туралы мақала жазып, жалған ақпарат таратты деп журналист Кирилл Павловтың үстінен полицияға шағым түсірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мамырдың 20-сы күні полиция қызметкері Кирилл Павловқа телефон соғып, ауыл шаруашылығы министрлігі оның үстінен көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылатын құқық бұзушылық туралы арыз түскенін хабарлаған. Бұл туралы журналист сол күні кешке әлеуметтік желіде жазды. 

Түн ортасына қарай оның үйіне полиция қызметкерлері келіп, оның үстінен қылмыстық емес, әкімшілік бап бойынша арыз түскенін айтқан. Оған Қазақстанның оңтүстігіндегі шегірткеге қарсы күрес мәселелері туралы оның жазбасы себеп болды. Полиция Кирилл Павловтан әлеуметтік желілерде жалған ақпарат таратқанын растайтын хаттамаға қол қоюды сұраған, бірақ белсенді одан бас тартқан.

“Оларға менің италиялық пруссия туралы, марокколық шегіртке туралы, жалпы жазғандарымның ешбірі ұнамайды", — деді Кирилл Павлов.

Журналистің “Не себепті кешкі уақытта келдіңіздер?” деген сауалына полиция “шұғыл шаруа болғандықтан” деп жауап берген.

Фото: Кирилл Павловтың желідегі парақшасынан

22 мамыр күні Кирилл Павлов 29 сәуір мен 5 мамырдағы жазбалар үшін әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 456-2-бабының 3-бөлігі (Жалған ақпарат орналастыру, тарату) бойынша сотқа шақырылды.

Журналист өз жазбаларында шегірткеге қарсы күрестегі жүйелі мәселелерге назар аударады. Министрліктегілердің тек ресми есеп берумен шектелетінін айтып, мәселелерді сыбайлас жемқорлықпен және мониторинг пен алдын алу шараларының жеткіліксіздігімен байланыстырды.

29 сәуір күнгі жазбасында ол шегірткеге қарсы күрестің тиімсіз тәсілін, соның салдарынан қоршаған ортаның ластануына және бюджет қаражатының ысырап болғанын жазған. Оның мәліметінше, 2020-2024 жылдар аралығында зиянкестердің ықтимал зақымдану алаңы 514 мыңнан 2,4 миллион гектарға дейін өсті. Ал мәселенің өршуі биыл ғана ресми түрде тіркелді.


Антикор танымал блогердің үстінен желідегі жазбасына байланысты полицияға арыз жазған


Сыртқы істер министрлігі Қытайға жер беру туралы ақпараттарға қатысты мәлімдеме жасады


Сондай-ақ Кирилл Павлов шамамен 6 мамырдан бастап өзінің жазбалары үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан қысымға ұшырағанын айтты.

Бұған дейін қытайлық көлік шығарушы өзін сынаған блогерден кешірім сұрауын талап еткен еді. 

Айым Болатқызы
Бейсенбі, 22 Мамыр, 2025 09:06
Талқылау