"Көрші елдерде сұраныс артты": Министрлік Қазақстандағы ет бағасы неге жоғары екенін түсіндірді
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров ет құнына байланысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Үкімет отырысында министрден сиыр етінің қымбаттауының бірнеше жыл бұрынғы құрғақшылықпен байланысы сұралды.
"Біріншіден, барлық мал қырылған жоқ. Екіншіден, құрғақшылыққа байланысты емес. Өткен жылы біз қалыпты өнім алдық. Азықтандыру үшін бізде егін жеткілікті және арзан. Дегенмен біз шығындарды басқара алмаймыз. Мұнда баға Тәжікстанның етке сұранысына байланысты болып отыр. Делдалдар бағаны көтере бастады. Қазір баға біртіндеп тұрақталып келеді. Бір келі үшін 2,7 мың теңгеден 3,3 мың теңгеге дейін басталады. Бір жерде 3,5 мың теңгеге сатылып жатыр. Бірақ жалпы ет жеткілікті", – деді министр.
Сондай-ақ одан көктемге дейін еттің қанша болатыны сұралды.
"Алдын-ала болжам айта алмаймын. Өйткені бұл саудаға байланысты. Біздің міндетіміз – өндіріс", – деп жауап берді Сапаров.