Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ауыл аманаты": Ұлытау облысында биыл 700 миллион теңгеге 100 жоба қаржыландырылды

Ұлытау облысында биыл “Ауыл аманаты” бағдарламасы аясында 700 миллион теңгеге 100 жоба қаржыландырылды. 

Облыс әкімі Дастан Рыспековтің сөзінше, облыс құрылғалы бері ауыл шаруашылығы саласына 8,5 миллиард теңге инвестиция тартылды. Ал биыл құйылған инвестиция көлемі – 2,5 миллиард теңге.

“Ұлытау ауданында 400 гектар алқапта суармалы дақылдар мен көкөніс өсіру, Жезқазған қаласында 5 000 бастан асатын қой шаруашылығы фермасын құру жұмыстары басталды. Сондай-ақ Жезқазған қаласында 500 гектар аумақта суару жабдықтарын қолдана отырып, мал азығын егу жобасы қолға алынды. Ал ⁠Жаңаарқа ауданында 367 гектар аумақта суару құрылғыларын пайдаланып, мал азығын егу бойынша 2 жоба, Жаңаарқа ауданында 12 900 басқа арналған қой отбасылық фермасын салу, Жаңаарқа ауданында 7 800 басқа арналған ірі қара мал отбасылық фермасын құру жобалары бастау алды”, – деді облыс әкімі. 

Қазір облыс әлеуметтік азық-түлік тауарларының 4 түрі бойынша, яғни сиыр еті, бірінші сортты бидай ұны және бірінші сортты ұннан жасалған бидай нанымен өзін-өзі қамтамасыз етіп отыр екен. Сонымен қатар, инвестициялық жобаларды іске асыру нәтижесінде тауық жұмыртқасымен қамтамасыз ету 0-ден 40%-ға жеткен. Ал келесі жылы қосымша тауық еті және картоппен ішінара қамтамасыз ету жоспарланып жатыр дейді. 

“2022 жылы облыс аумағында суармалы құрылғыларды қолданатын егістік алқаптар болмады. Қазір бұл көрсеткіш 1,7 мың гектарға жетті. 2026 жылы 2,5 мың гектарға дейін жеткізу жоспары тұр”, – деді облыс әкімі. 

Былтыр Жезқазған қаласында жұмыртқа бағытындағы құс фабрикасы және Жаңаарқа ауданында мал шаруашылығы кешені мен мал сою цехы іске қосылған еді. 

Сондай-ақ облыс әкімі Дастан Рыспековтің айтуынша, 2030 жылға дейін Ұлытау облысының 63 мың тұрғыны көгілдір отынмен қамтамасыз етіледі. Айтуынша, қазір өңірде газдандыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Көгілдір отынмен қамтамасыз ету деңгейі қазір өңір бойынша 9,1%. Осылайша өңірде сомасы 46 миллиард теңге болатын 6 жоба жүзеге асырылып жатыр дейді әкім.  

“Қазір газдандыру жұмыстары облыстың Жезқазған қаласы, Атасу кенті, Кеңгір ауылы, Қаражал қаласы, Жәйрем кенті, Сәтбаев қаласы, Ұлытау ауданы және Жезді кентінде қарқын алған. Жаңаарқа ауданында газ тарату желілері құрылысының жобасы дайын, мемлекеттік сараптамадан өтті. Нәтижесінде 188 шақырым желі тартылады. 2027 жылға дейін Атасу кентінің 4500 үйі газбен қамтылады. Кеңгір ауылына көгілдір отынның желілерін тарту жұмыстары 2025 жылдың қазан айында аяқталды. Осылайша аталған елдімекеннің 500-ге жуық баспанасы мен 7 әлеуметтік нысан гаға қосылады”, – делінген хабарламада. 

Облыс әкімі Дастан Рыспековтің мәліметінше, Қаражал қаласы мен Жәйрем кентінде жалпы ұзындығы 226 шақырым желілер тартылып жатса, Сәтбаев қаласы мен Ұлытау ауданында келесі жылы бастау жоспарланып отыр. Нәтижесінде 2030 жылға дейін облыстың барлық қала-ауданына көгілдір жетеді деп жоспарланып жатыр екен. 

Ал бүгінде Жезқазған қаласында 3 676 абонентке газ желілері тартылып, 2 нысан газға қосылған. Сонымен қатар, өңірде 102 шақырым су желілері жаңадан тартылған. Қазір қалаъ тұрғындарына ауыз су 100% , ал елдімекендерге тіршілік нәрі 99,9% қолжетімді. 

“Облыс орталығы – Жезқазған қаласын жер асты таза ауыз суымен қамтамасыз ету жобасы бүгінгі таңда 30%-ға аяқталған. Атап айтқанда "Үйтас Айдос" жерасты су көзінен тіршілік нәрін жеткізу үшін құбырлар толықтай жаңадан салынды. Оның ұзындығы 51 шақырымды құрайды. Одан бөлек, жалпы құны 61 миллиардқа жуық қаражатқа 14 жоба атқарылып жатыр. Оның нәтижесінде 330 шақырым су желілерін жаңғырту, жаңадан құбыр салу жұмыстары жүріп жатыр. Аталған бастама 2027 жылға дейін кезең-кезеңімен толық аяқталуы тиіс”, – делінген хабарламада. 

Облыс әкімі Дастан Рыспековтің айтуынша, биыл 818,9 шақырым электр желілері мен 272 бірлік электр жабдықтарын жаңғырту және жөндеу жұмыстары жүргізілген. Оның ішінде 1,8 миллиард теңгеге жұмыстар монополист кәсіпорындардың бекітілген инвестициялық жобалары арқылы іске асырылған.

Сонымен қатар, “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасы аясында 2024 жылдан бері "Жаңаарқа кентінің электр желілерін салу" жобасы бойынша 730 миллион теңге қарастырылып 46,2 км электр желілері тартылған. Осылайша 1 500-ге жуық жаңа баған және 13 дана толық трансформаторлық қосалқы станция орнатылған. 

Биыл бұл бағдарлама аясында 4 жобаға 2,9 миллиард теңге бөлініп, Жаңаарқа ауданында 271 шақырым электр желілері, 5 927 баған және 13 қосалқы станциялар ауыстырылған.

Жұмаділлә Нұрила
Сәрсенбі, 03 Желтоқсан, 2025 14:02