Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жамбыл облысында балаларды құлдықта ұстаған ер адамның жасөспірім әйелі бар деген ақпарат тарады – Полиция пікірі

Жамбыл облысыФото: Письма президенту Telegram-арнасы

Желіде Жамбыл облысында балаларды құлдықта ұстаған ер адамның кәмелет жасына толмаған әйелі бар деген ақпарат тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

“Күдіктінің кәмелет жасына толмаған әйелі бар”

Ізін ала кәмелетке толмаған үш баланы құлдықта ұстаған күдікті қамауға алынды. Талас аудандық соты Ұзақбай Тұрбаевқа екі ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын таңдады. Қылмыстық істі облыстық полиция департаменті тергеп жатыр екен. 

Күдікті қамауға алынған соң желіде ол туралы ақпарат тарады. Письма президенту Telegram-арнасы дәлел ретінде WhatsApp мессенджеріндегі хабарлардың кескіндерін ұсынған.

Онда ер адамның екі әйелі бар екені жазылған. Олардың бірі балалардың анасы, ал екіншісі кәмелетке толмаған қыз және жүкті екені айтылған. Сондай-ақ "орамал тақсын деп" қыздың шашын қырып тастапты. Хабарламада біреулер сұраған жағдайға, шашы биттеп кеткенін айтуға кеңес бергені де жазылған.

Дегенмен полиция күдіктінің жасөспірім әйелі бар деген ақпарат түспегенін мәлімдеді. 

Департамент мәліметінше, қазір балаларды құлдықта ұстау жағдайына қатысты Қылмыстық кодекстің 110-бабының 2-бөлігі (Қинау) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.

"Талас аудандық соты күдіктіге қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берді. Кәмелетке толмағандар Тараз қаласындағы Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығына жеткізілді. Онда балаларға қажет психологиялық және құқықтық көмек көрсетілді. Қылмыстық іс Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің жеке бақылауында. Тергеу мүддесі үшін басқа мәліметтер жарияланбайды", – делінген хабарламада.


"Денемнің бәрі жара": Жамбыл облысында балаларды құлдықта ұстап, мал баққызған (видео)


"Күндіз мал бағып, түнде намаз оқуға мәжбүрлеген": Жамбыл облысында құлдықта болған балаларға қатысты тың деректер пайда болды


“Тергеушілер "бұлар құлдықта болмаған" деді”

Жамбыл облысында 5 жыл бойы өгей әкесі құлдықта ұстаған балалар президент Тоқаевтан көмек сұрады. Олар кенже бауырын балалар үйіне бермеуді және үшеуін де туған әкесіне қайтаруды өтінді. Балалардың туысқаны да Тоқаевқа өтініш жасады. Оның айтуынша, балалардың анасы өз ұлдарына қарсы куәлік беріп жатыр. 

“Қазір бұл іске қатысты түрлі нұсқалар айтылып жатыр. Тіпті балалардың анасы дұрыс емес ақпарат айтып, қарсы куәлік беріп жатыр. Ал Көктал ауылының әкімі жағдайдан хабардар болып келген. Ал мешітте имам болып отырған кісі де сол үйде қонақ болып, бәрін білген. Сол үйде той тойлаған. Неге сол кезде бір сәт осы балалардың жағдайын ойламады екен. Президенттен әкім мен мешіт имамын жауапқа тартуды сұраймын", – деді балалардың туысы.

Сондай-ақ ол жасөспірім екі баланың колледжде оқығанын, бірақ шәкіртақысын өгей әкесі өз қолына алып отырғанын жеткізді. 

"Бұл балалар колледжде оқыған. Бірақ оқыды деген аты ғана болған, сабаққа мүлде бармаған. Оларға берілетін 120 000 теңге шәкіртақыны өгей әкесі алып отырған. Балалар өз құжатын, карточкасын қолына алмаған, көрмеген. Оқу ордасы неге бұл іске көз жұма қараған", – дейді балалардың туысы. 

Әйелдің айтуынша, қазір іс бұрмаланып жатыр. Тіпті балаларға көмек көрсетілмеген екен. 

"Балалардың дағдарыс орталығына жеткізілгеніне үш күн болды. Алайда ешқандай көмек көрсетіліп жатқан жоқ. Тергеушілер "бұлар құлдықта болмаған" деді. Айтуларынша, баланы байлап ұстап, тамақ бермей, зорласа ғана құлдыққа саналады екен. Бұлардың 5 жыл таяқ жеп, қара жұмыс істегені есептелмейді, дейді. Тергеушілердің сөзіне қарасақ, іс бұрмаланып жатыр. Сол себепті президенттен істі бақылауына алуды сұраймыз", – дейді балалардың туысы. 

Ал Облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссия хатшысы Қарлығаш Салықбаеваның сөзінше, өңірде облыс әкімінің бастамасымен арнайы жұмыс тобы құрылған. 

"Талас ауданында кәмелетке толмағандарға қатысты болған келеңсіз жағдайға байланысты облыс әкімінің бастамасымен жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобы бұл мәселені зерттеп жатыр. Ішкі істер органдары тарапынан тергеп-тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Қорытындысы бойынша ақпарат ұсынылады. Талас ауданында кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылық профилактикасын, олардың құқығы мен қауіпсіздігін сақтау бағытында жұмыс жүріп жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстар басқа аудандарда да жалғасады", – дейді Салықбаева.

Айта кетейік, бұған дейін Жамбыл облысында мал бағып жүрген балалардың өздеріне көмектесуін сұрағаны туралы жазған едік. Кейін жасөспірімдерді құлдықта ұстаған күдікті ұсталды.

Жұмаділлә Нұрила
Сейсенбі, 12 Тамыз, 2025 16:57
Талқылау
`