Ауғанстанда талибан жетекшісі "азғындыққа жол бермеу үшін" Wi-Fi-ды қолдануға тыйым салды
Фото: AP Photo/Rahmat Gul
Талибан жетекшісі Ауғанстанның бір провинциясында "азғындыққа жол бермеу үшін" Wi-Fi интернетін қолдануға тыйым салды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Associated Press порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Мәліметтерге сенсек, бұл 2021 жылдың тамызында талибтер билікке келгеннен бергі интернетке алғашқы шектеу болып отыр. Енді Балх солтүстік провинциясындағы мемлекеттік мекемелерде, жеке секторда, қоғамдық ұйымдарда және үйлерде Wi-Fi интернет қолжетімсіз. Алайда мобильді интернет жұмыс істеп тұр.
Провинциялық билік өкілі Хаджи Аттаулла Заидтің айтуынша, Балхтағы кабельдік интернетке қолжетімділік "толық тыйым" жөніндегі Хибатулла Ахундзаданың бұйрығымен тоқтатылған.
"Бұл шара азғындыққа жол бермеу үшін қабылданды, ел ішінде қажетті жағдайларға балама жасалады", – деді Заид Associated Press-ке.
Ол неліктен дәл Балх провинциясында тыйым салынғанын немесе басқа аймақтарға таралатынын нақтыламады.
Балх тұрғыны бірнеше күн бұрын үйінде интернетке қосылуда қиындықтар болғанын айтты. Ол провайдерге хабарласқанда, компания өкілдері "техникалық ақау" деп түсіндіріп, мәселе тез арада шешілетінін жеткізген.
"Дамыған заманда интернетті бұғаттау менің ақылыма сыймайды", – деді аты-жөнін жасырған тұрғын талибтерден қысым көру қаупінен қорқып.
Оның айтуынша, ол баяу әрі қымбат болғандықтан мобильді интернетті сирек пайдаланған. Үйінде студентті қоса алғанда алты адам тұрады, барлығы Wi-Fi-ға мұқтаж. Жылдам әрі тұрақты интернет байланысы оның шетелдік компаниялармен және адамдармен жұмыс істеуіне де қажет болған.
"Егер бұл тыйым жалғасса, менің ғана емес, өзге кәсіпкерлердің де жұмысына зиян келтіреді. Біздің барлық ісіміз интернет арқылы жүреді, шетелдегі адамдармен байланыс та соның арқасында сақталады. Мүмкін, шығынға төтеп бере алмай, Мазари-Шарифтен басқа провинцияға көшуіме тура келетін шығар", – деді ол.
Ауған билігі қауіпсіздік мақсатында кейде мобильді байланысты уақытша өшіреді. Әдетте бұл діни мерекелер кезінде жарылғыш құрылғылардың іске қосылуын болдырмау үшін жасалады.
Айта кетейік, 2016 жылы БҰҰ Адам құқықтары кеңесі интернетке қолжетімділікті адам құқығының ажырамас бөлігі деп танып, оны мемлекет қамтамасыз етуі тиіс деген қарар қабылдаған.
Ауғанстандағы жер сілкінісінен кейін тәліптер әйелдерді үйінді астынан шығарудан бас тартты
Ауғанстанда тәліптер әйелдерге арналған сұлулық салондарын жаппай жаба бастады
Еске салайық, бұған дейін Ауғанстанда хиджабты дұрыс кимегені үшін 100-ден астам әйел ұсталды. Олар Кабулдағы Даште-и-Барчи ауданында мейрамханалардан, сауда орталықтарынан және көшелерден әкетілген. Кейбірі әлі отбасымен байланысқа шықпаған, олардың қайда жеткізілгені белгісіз.

"Аурухана мен мәдениет үйі жоқ": Сингапурға айналуы тиіс жаңа қала Алатаудың бүгінгі жай-күйі қалай (Фоторепортаж)
