Әуежайда тіркеуден өтсе де ұшаққа отыра алмаған әйел әуе компаниясынан 500 мың теңге өндіріп алды

Әуежайда тіркеуден өткеніне қарамастан ұшаққа отыра алмаған жолаушы әйел әуе компаниясынан 500 мың теңге өндіріп алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алматы қалылық сотының мәліметінше, арызданушы әйел 2025 жылдың 26 шілдесінде 16 тамызға жоспарланған Қызылорда - Алматы бағыты бойынша рейске әуе билетін сатып алған. Ұшу күні әйел әуежайға келіп, еш қиындықсыз тіркеуден өткен, кейін ұшаққа отырғызу басталғанын күтіп отырған. Алайда әуе компаниясының қызметкерлері тіркеудің жойылғанын айтып, оны ұшақ бортына жібермей қойған.
Нәтижесінде жолаушы әйел сатып алған билетін пайдалана алмай, Алматы қаласына жоспарланған уақытта жете алмаған.
Үстіне бензин төгіліп кеткен әйел жанармай құю бекетінен 300 мың теңге өндіріп алды
Осыған байланысты жолаушы әйел соттан әуе компаниясынан материалдық залалды, сондай-ақ моральдық шығын өндіруді сұраған.
Сот арызданушы әйелдің рейске тіркеуден өткенін, алайда әуе кемесіне отырғызылмағанын анықтады. Ал әуе компаниясы жолаушыны тасымалдаудан бас тартуға заңды негіздердің болғанын растайтын дәлелдерді сотқа ұсынбаған.
“Осылайша, әуе компаниясы жолаушыны әуе тасымалдау шарты бойынша өз міндеттемелерін тиісінше орындамаған және талап қоюшыға келтірілген залал үшін жауапты болып табылады. Сот шешімімен талап ішінара қанағаттандырылып, талап қоюшы А-ның пайдасына "Э" АҚ-нан материалдық залал, 500 000 теңге мөлшерінде моральдық зиян өтемақысы, сондай-ақ сот шығындары өндірілді”, – делінген сот хабарламасында.
Еске салсақ, бұған дейін қазақстандықтар енді әуе билетін рәсімдегенде аты-жөніндегі ұсақ қате үшін айыппұл төлемейтіні туралы жазған едік.