Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әуежайда әйелдің өмірін сақтап қалған Мұса Әбдірайым – “Жыл адамы 2025” атанды

Фото: Stan.kz 

Stan.kz редакциясы дәстүрлі түрде “Жыл адамы” атағына лайық жанды анықтады. Қоғамға оң өзгеріс әкеліп, ерлігімен ел ықыласына бөленген азаматты анықтау мақсатында көпшілік арасында сауалнама жүргізіліп, дауыс беру өтті. Нәтижесінде жұртшылықтың таңдауы әуежайда әйелдің өмірін сақтап қалған Мұса Әбдірайым түсіп, ол “Жыл адамы 2025” атанды.

Оның ерлігі мен адамгершілігіне сүйсінген халық редакциямыз жүргізген сауалнамада “Жыл адамы” атағына осы азамат лайық деп баға берді.

Сонымен қатар биыл “Жыл адамы” атағына лайық деп танылып, көп дауыс жинаған жандардың қатарында: Мейірман Шекеев, Гүлмира Мұханқызы, Турсен Алагөзов, Темірлан Анарбеков, Ұлдана Мырзуан болды. 

“Ұлдана Мырзуан – фельдшер қызметін атқара жүріп, өз өмірін қатерге тігіп, адамдарды құтқарған жан. 23 жасында бақилық болған батыр қыз”, “Атақты жандарды емес, ауылды жерлерден іздеңіздер. Үнсіз ғана жақсылық жасап, елге пайдасын тигізіп жүрген адамдарды неге дәріптемеске?”, “Реалды Қазақстанға алып келген қақпашы жігіт – Темірлан Анарбеков. Меніңше, дәл сол адам ‘Жыл адамы’ атағына лайық”, – деп жазды жұртшылық.

Сауалнамаға қатысушылар тек танымал тұлғаларды ғана емес, қоғамға нақты пайдасын тигізіп жүрген қарапайым азаматтарды да назардан тыс қалдырмау керектігін жазды. Көпшілік медицина, білім, ғылым және әлеуметтік салада үнсіз еңбек етіп жүрген жандарды “Жыл адамы” атағына лайық деп есептейтінін жеткізді.

“Халықтың жағдайын ойлайтын, білім мен медицина саласына еңбегі сіңген адамдардан таңдау жасау керек. Қазіргі уақытта нақты еңбегі бар жандар көп”, “Жеке ойым – бұл атақты Алагөзовке берер едім. Себебі ол ешқандай сбор ашпай, халықтан ақша жинамай, өз адал еңбегімен қасындағы жұмысшыларына 100 пәтер сыйлады”, “Жаңалық ашқан адамдарды да қосыңыздар. Мысалы, робототехникадан жеңіс алып келген студенттер бар”, – деп қосты өзге қолданушылар.

Желі қолданушылары Мұса Әбдірайымның да батылдығын, өзгенің өмірі үшін жауапкершілік ала білген әрекетін ерекше атап өтті.

“Өз өміріңді жай күні танымайтын адам үшін тәуекелге тігу екінің бірінің қолынан келмейді. Бұл үлгі аларлық қасиет. Мұса Әбдрайым бұл атаққа лайық адам”, “Дұрыс айтасыз, елін-жерін қорғайтын нағыз азаматтар осындай болады. Жастар осындай тұлғалардан үлгі алсын”, “Дауысымды батылдығымен көзге түскен, қарапайым жан Мұса Әбдірайымға беремін”, – деп жазды көпшілік. 

Мұса Әбдірайым несімен “Жыл адамы” атағына лайық?

Фото: Мұса Әбдірайым

Мұса Әбдірайым – 52 жастағы көпбалалы әке. Бұрын спортпен кәсіби түрде айналысып, тай бокс пен жекпе-жек түрлерін меңгерген. Ол Алматы әуежайына туыстарын шығарып салу үшін келген сәтте күтпеген жерден төтенше жағдайдың куәсі болды. 

Атап айтқанда әуежайда күдікті ер адам әуежай қызметкерін шашынан ұстап, пышақпен қорқытып кепілге алған еді. Қауіп күшейіп, жағдай ушығып тұрған сәтте Мұса Әбдірайым қызметкердің орнына өзін кепілге алуды ұсынып, қылмыскермен бетпе-бет келді. Қолайлы сәтті пайдаланып, ол шабуылдаушының қолындағы пышақты тартып алып, қылмыскерді жерге құлатуға және ұстап қалуға көмектесті. Осылайша әуежай қызметкерінің өмірі сақталып қалды.

Мұса Әбдірайымның айтуынша, ол сол сәтте өзін емес, қауіпке тап болған қыздың өмірін ойлаған.

“Егер ол менің қызым болса ше деген ой келді. Батыр болайын деген мақсат болған жоқ. Бұл – ер азамат ретінде борышым деп білдім. Менің жалғыз мақсатым – қызды құтқару болды”, – дейді ол.

Азамат кейін құтқарған әйелдің үйіне барып жағдайын да сұрады.

Жыл адамы 2025

Фото: Мұса Әбдірайым

Бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырды. Кейін, қазақстандықтар Мұса Әбдірайымды нағыз ер азамат, сабырлы әрі жауапты тұлға ретінде бағалады. Желі қолданушылары оның батылдығын, жанқиярлығын және адам өмірін бәрінен биік қойған қасиетін ерекше атап өтті.

Кейін азамат Мемлекет басшысының тапсырмасымен ол “Ерлігі үшін” медалімен марапатталды.

"Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Кемелұлына орасан зор көңіл бөліп, құрмет көрсеткені үшін шын жүректен алғысымды білдіремін. Біздің елде әрқашан бейбіт аспан, келісім мен өркендеу болсын!" – деді ол.



Халықтың пікірінше, Мұса Әбдірайымның бұл қадамы – даңқ үшін емес, шынайы адамгершілік пен азаматтық ұстанымның көрінісі. Дәл осы қасиеттері оны ел алдында “Жыл адамы” атағына лайық етті.

"Өзі де, сөзі де керемет ер азамат екен. Алланың берген сыйы ғой, рахатын көрсін", "Батыр аға", "Бүгінгі күннің батыры. Алла сізге жар болсын", "Рас, батыр екені сөзсіз", – деп жазды көпшілік. 

Еске салсақ, "Жыл адамы 2024" мәртебесіне былтыр Айтбек Амангелді ие болған еді.

STAN.KZ
Бейсенбі, 25 Желтоқсан, 2025 15:34