Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әуеде үш украиналық дрон болған": Путин апатқа ұшыраған Әзербайжан ұшағы туралы айтты

Ақтау маңында ұшақ апаты болдыФото: ТЖМ

Жақында Ресей президенті Владимир Путин Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен кездесіп, AZAL әуе компаниясының ұшағы апатының себептерін түсіндірді. Бұл апат салдарынан екіжақты қатынастың шиеленісуінен кейінгі екі ел басшыларының алғашқы кездесуі болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Путиннің айтуынша, AZAL ұшағының апатына сол кезде әуеде болған украиналық ұшқышсыз ұшу аппараттары (дрон) себеп болған.

"AZAL ұшағы апатқа ұшыраған күні Ресей әуе кеңістігін үш украиналық дрон бұзып өткен. Біздің әуе қорғаныс жүйеміз оларды бақылауда ұстады", — деді Путин.

Сонымен қатар Ресей президенті ресейлік әуе қорғаныс күштері ұшаққа тікелей соққы бермегенін мәлімдеді.

"Ресейлік әуе қорғанысы жүйесінен ұшырылған екі зымыран ұшақты тура соқпаған, олар бірнеше метр қашықтықта жарылған. AZAL ұшағы жарықшақтардан зақымданған", — деді Путин.

Оның айтуынша, апат алдында AZAL экипажына Махачкалда қону ұсынылған, алайда ұшқыштар өздерінің бастапқы әуежайына оралмақшы болған.

"Оқиға мұқият зерттелгеннен кейін апаттың себептері анықталды", — деді Ресей президенті Владимир Путин Әлиевпен кездесу барысында.

Бұған дейін Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев ресейлік әуе қорғаныс күштерінің екі рет соққысынан апатқа ұшыраған әзербайжандық азаматтық ұшақ оқиғасына пікір білдірген болатын.

Al Arabiya телеарнасына берген сұхбатында Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Ресей әскери күштері әуе шабуылы қаупі кезінде қолданылатын стандартты қауіпсіздік процедураларын елемегенін айтты. Оның айтуынша, мұндай жағдайларда Ресейде "Ковер" режимі іске қосылып, бұл кезде барлық ұшақтарға қауіп туралы белгі жіберіліп, олар бағытын өзгертеді.

Президент атап өткендей, апаттан екі апта бұрын дәл осындай бағытта ұшқан әзербайжандық ұшақ дәл осы себеппен уақытылы кері бұрылған.

"Ресей күштерінің Әзербайжанның азаматтық ұшағына соққы беруі және ресми тұлғалардың реакциясы біздің халқымызда үлкен наразылық пен реніш тудырды. Мұндай жағдай болмауы керек еді. Дрон шабуылдары кезінде “Ковер” режимі іске қосылады, ал барлық ұшақтар хабарлама алып, ұшу бағытын өзгертеді. Бұл жолы ешқандай белгі берілмеген. Олар тек ұшақ атып түсірілгеннен кейін ғана белгі берген. Демек, олар тергеуді шатастыру үшін әдейі солай істеген", — деді Әлиев.

Оның айтуынша, ұшаққа екі рет соққы жасалған. Ұшқыштардың кәсібилігі мен батылдығының арқасында әуе кемесі апатты қонуды сәтті орындаған және ол Ресейде емес, Қазақстанда жерге қонған.

"Ұшақ Қазақстанда апатқа ұшырады. Кейбір жолаушылар тірі қалды, олар куәлік етті. Ұшақтың фюзеляжы жарықшақтармен тесілген. Мен дереу оқиға орнына топ жібердім, ол жаққа ұшып бару небәрі 40 минуттық уақыт алады. Біздің команда бәрін видеоға түсірді. Кадрларда ұшақтың корпусын ресейлік әуе қорғаныс жүйесі тесіп кеткені анық көрінеді. Мұндай жағдай мүлде болмауы керек еді. Бұл ауыр қателік", — деді ол.

Әлиев сонымен қатар Әзербайжанның Ресей ұшағын қателесіп атып түсірген екінші Қарабақ соғысы кезіндегі оқиғаны есіне алды.

"Қарабақ соғысының соңғы күнінде, 9 қарашада біздің күштер шекараға тым жақын келген ресейлік ұшақты байқамай атып түсірді. Сол күні мен Ресей президентіне қоңырау шалып, кешірім сұрадым. Біз бірден қаза тапқан ұшқыштардың отбасына және Ресей Қорғаныс министрлігіне өтемақы төледік. Тергеу жүргізіп, кінәлілерді жауапқа тарттық. Бірақ Ресей тарапынан ондай әрекетті көрмедік", - дейді президент.

Президенттің айтуынша, Ресей бұл оқиғаға қатысты ешқандай ресми түсініктеме бермей отыр, бұл екіжақты қатынаста елеулі салқындық тудырған.

"Біздің адамдар ашулы. Біз әділ тергеуді күткен едік, бірақ соның орнына Ресейде әзербайжандықтарға қарсы заңсыз шабуылдар басталды. Екі адам азаптап өлтірген. Кейін ресми деректерде “жүрек талмасынан өлді” деп жазылды. Бұл — біздің халқымызға қарсы жасалған бұрын-соңды болмаған әрекет", — деді Әлиев.

Сондай-ақ ол Ресейдің өңірдегі ықтимал әрекеттеріне тоқталды.

"Арменияда Ресейдің бірнеше мың сарбазы бар әскери базасы орналасқан. Арменияның Иран және Түркиямен шекарасын да ресейлік шекарашылар күзетеді. Ал Әзербайжан аумағында бірде-бір ресейлік сарбаз жоқ. Арменияда не болатынын білмеймін, бірақ  жамандық туралы ойлағым келмейді", — деп түйіндеді Әлиев.

Еске салайық, 25 желтоқсанда Ақтау маңында Баку-Грозный бағыты бойынша ұшқан AZAL жолаушылар ұшағы апатқа ұшырады. Ұшақ бортында 67 адам болған, оның ішінде экипаж мүшесі бесеу. Апат салдарынан 38 жолаушы қайтыс болды, 29 адам аман қалды. 30 желтоқсанда Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы (IATA) бұл оқиғаны мұқият және әділ тергеуге шақырды. Кейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Әзірбайжан билігі құтқару операциясына қатысқан азаматтарды ерлік пен кәсібилігі үшін наградтады.

Кейіннен Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев Ақтаудағы ұшақ апатына кінәлілерді жазалауды талап еткен еді. Ильхам Алиев Әзірбайжан азаматтарының қаза болуына Ресей өкілдері кінәлі екенін сеніммен айта алатынын жеткізген. 

Айнұр Мұхади
Бейсенбі, 09 Қазан, 2025 18:35
Талқылау