Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әуеде намаз оқу үшін таймер қойған жолаушы ұшақтың шұғыл қонуына себеп болды

Видеодан скрин

Southwest Airlines әуе компаниясының жолаушысы Рамазан айында ұшақ бортында ауыз ашамын деп ұшақтың шұғыл қонуына себеп болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Оқиға 6 наурыз күні АҚШ-тағы Нэшвилла қаласынан Форт-Лодердейл қаласына бағыт алған рейс кезінде болған. Куәгерлердің айтуынша, ұшақ әуеге көтерілгеннен шамамен 30 минут өткен соң бортсеріктер алаңдай бастаған. Содан кейін экипаж мүшелер жолаушылардан қолдарын көтеріп, бастарын төмен түсіріп отыруды талап еткен. Кейін ұшақ Атланта қаласында мәжбүрлі түрде қонған.

Желіде тараған кадрларда АҚШ қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері ұшақ салонына кіріп, ер адамды сыртқа алып шығып жатқанын көруге болады. Белгілі болғандай, жолаушы намаз уақытын өткізіп алмау үшін телефонына еске салғыш таймер қойған, телефоннан шыққан дыбыс ұшақ қызметкерлерінің алаңдауына себеп болған.

Кейін әуе компания өкілдері жолаушылар үшін ешқандай қауіп болмағанын мәлімдеді. Сондай-ақ ер адамға да ешқандай айып тағылмайтыны хабарланды.

Еске салсақ, бұған дейін ұшақтың ұшып-қонуы кезінде смартфондарды пауэрбанк арқылы қуаттауға ресми түрде тыйым салынғаны туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 11 Наурыз, 2026 22:53