Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ауасы өте лас және жағымсыз": Алматыға жарысқа келген шетелдік шахматшы қалада өзін нашар сезінгенін айтты

Шахматтан бұрынғы әлем чемпионы Магнус Карлсен Джо Роганмен подкастында Қазақстандағы жылдам шахматтан әлем чемпионаты кезінде Алматының ауасынан өзін нашар сезінгенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Видеодан скриншот

Шетелдік шахматшы Алматыға келіп, таза ауа жұту үшін биік тауға көтерілуге мәжбүр болғанын айтады. Сөзінше, қаланың ауасына тұншығып, әлі кеткен. Ал турнирде жақсы өнер көрсету үшін тауға бардым дейді.

Карлсен тауға барып, өзін ретке келтіремін деп ойындардың біріне кешігіп қалған. Ол беларусь гроссмейстері Владислав Ковалевке қарсы ойынды 2,5 минут кешіктіріп бастады. 



"Шахматтан әлем чемпионаттары бейтаныс жерлерде өтеді. Бұл бір рет Алматы қаласында болды. Ал бұл қаланың ауасы қыста өте лас және жағымсыз", – деді ол подкастта.

Карлсеннің айтуынша, қаладан алыс емес жерде швейцариялық Альпіге ұқсас биіктігі үш жарым мың метрге жететін әдемі таулар бар.

"Шамамен бір сағаттай көлікпен жүріп, таудың басына шығып, шаңғы тебуге болады. Мен бұл қалада өзімді бақытсыз сезіндім. Турнирде жақсы өнер көрсету үшін таза ауамен тыныстау керек деп ойлап, бұл жерден кетуге шешім қабылдап, сондай тәуекелге бардым ", – деп түсіндірді Карлсен.

2022 жылдың 25 желтоқсанында Алматыда жылдам шахматтан әлем чемпионаты болды. Турнирдің жүлде қоры 1 миллион доллар еді. 

Магнус Карлсен – 16-әлем чемпионы (2013-2023), тарихтағы ең мықты шахматшылардың бірі. 2023 жылғы әлем чемпионатының жеңімпазы, рапидтен әлем чемпионатының 5 дүркін жеңімпазы және блиц бойынша әлем чемпионатының 8 дүркін жеңімпазы.

Айта кетейік, швейцариялық IQAir компаниясы жүргізген зерттеуге сәйкес, Алматы әлемдегі ауасы лас қалалар рейтингінде 1-орынға шықты. Қалада ауаның ластану индексі 208 балға жеткен. Бұл "өте зиян" деп бағаланады.

Талқылау