Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атырауда оқушы қызды зорлап өлтірген педофил ұзақ мерзімге сотталды

Азғындықтың ақыры! Бүгін Атырауда 8 жасар Айкөркем Алдамжарды зорлап, артынан жауыздықпен өлтірген педофилге үкім кесілді, – деп хабарлайды КТК арнасы.

28 жастағы Арман Рсалиев қылмысын жасыру үшін көршісінің қызын суға ағызып жіберіп, кейін тіпті жұртпен бірге өзі де іздеуге шыққан болатын. Енді ол 25 жыл бостандық көрмейді. Әрі жазасын ең қатаң тәртіптегі түрмеде өтеуі тиіс. Жазаның жеңіл болмайтынын түсінген қаныпезердің адвокаттары да бүгінгі сотта төбе көрсеткен жоқ.

Мемлекеттік айыптаушы Арман Рсалиевті 25 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған екен. Судья да бүгін мұнымен келісіп, айыпталушыны ерекше тәртіптегі абақтыға аттандырды. Бұдан бөлек Арман Рсалиев жәбірленуші тарапқа моральдық шығын да төлеуі тиіс.

“Азаматтық талапкер Сағынованың пайдасына азаматтық жауапкер Рсалиевтен 5 миллион теңге моральдық зиян өндірілсін. Рсалиевке үкімнің азаматтық талапты орындау бөлігі өз еркімен орындауы 2 ай мерзімі берілсін”, – дейді судья Тыныштық Нұрымова.

Үкімді үнсіз тыңдаған Айкөркем Алдамжардың туыстары сыртқа шыға бере көз жасына ерік берді. Олар бауыр еті балаларын өлтірген азғын өмір бойы түрмеде отыру керек еді дейді. 8 жастағы Айкөркем Алдамжар маусымның 14-і күні кешкілік ұшты-күйлі жоғалып кеткен. Өкінішке қарай, 5 күннен соң Жайық өзенінен оның денесі табылған болатын.

Тіпті жоғалған кезде жеткіншекті бүгін сотталған Арман Рсалиев те жұртпен бірге іздесіпті. Кейін ол өз кінәсін мойындап, оқиғаның қалай болғанын айтып берді. Айтуынша, Айкөркемді өзен жағасына алдап апарып, зорлаған. Кейін суға лақтырып жіберіпті. Қыз бала суға тұншығып өлген. Сотталушы Арман Рсалиевтің өзі – отбасылы, кәмелетке толмаған екі баланың әкесі. Әрі ол – марқұм Айкөркем Алдамжардың көршісі.


Жіберіп алмаңыз:

Түркияда жол апатынан зардап шеккендерге әлі санавиация жіберілмеген болып шықты

ШҚО-да ешқашан мектепке бармаған екі бала Маугли секілді өмір сүріп жатыр

ҚР мектептерінде қыздарына орамал шешкізбеген ата-аналар айыппұл төлейді

Министрлік университетке ақылы негізде түсетіндер үшін ҰБТ-ны алып тастауды ұсынды

Талқылау