Атырау тұрғындары “жер сатуға” қарсылық білдіріп алаңға жиналып шеру өткізді
Бүгін Атыраудағы Исатай мен Махамбет аланыңа жүздеген адам жиналды. Олар «жерді шетелдіктерге жалға беруге және сатуға» қарсылығын білдіруге келгендерін айтады.
Бұл туралы Азаттық хабарлайды.
Атыраудағы орталық алаңға жұрт түскі сағат 12 кезінде жинала бастады. Осы жерге келген қала әкімі Нұрлан Ожаев пен облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаевқа жиналғандар өз талаптарын жеткізді. Әкім Ожаев «рұқсат етілмеген митинг өткізу – заңсыз» болатынын айтқанымен, жұртшылық билікке талаптарын айту үшін жиналғандарын айтып, тараудан бас тартты.
Шенеуніктер жұртқа «Қазақстанның жері мен егемендігіне ешкім қол сұға алмайтынын» түсіндіруге тырысты. Жиналғандар оларға Қазақстан жерін шетел азаматына 25 жылға жалға беру «ел мен жер болашағына қатер» деп санайтындарын айтты. Бұдан соң билік өкілдері алаңнан кетіп қалды. Алаңда митинг жалғасып, көпшілік алдына шығып сөйлегендер «жерді шетелдіктерге сатуға да, жалға беруге де» қарсы екендерін мәлімдеді.
Қоғамдық белсенділер жиналған жұртты «арандатудан сақ болып, тәртіп бұзбауға» шақырды. Исатай мен Махамбет алаңы маңына бүгін таңертеңнен жиналған полиция митингті сырттай бақылап тұр.
Бұған дейін жергілікті белсенділер Атырауда 24 сәуірде митинг өткізуге рұқсат сұрап қала әкімдігіне өтініш берген. Бірақ билік олардың өтінішін қанағаттандырудан бас тартқан.
Қазақстан Жер кодексіне былтыр күзде енгізілген өзгерістерге сәйкес, биылғы шілде айынан ауылшаруашылығы мақсатындағы жерді ел азаматтарына аукцион арқылы жеке меншікке сату, сонымен бірге шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға ондай жерді 25 жылға дейін жалға беру басталмақ. Бұл жаңа өзгеріс әлеуметтік желілерде қызу пікірталас тудырған.
Бұған дейін Қазақстанда жаппай сатылымға шығарылатын жердің құны белгілі болғаны туралы жазған едік.