Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Атыс қаупі туралы 1 жыл бұрын хабарлаған": АҚШ-та мектепте атыс болып, төрт адам қаза тапты

АҚШ-тың Джорджия штатында Апалачи мектебінде атыс болып, төрт адам қаза тауып, тоғыз адам жараланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: bb.lv

Штат билігі шабуыл жасаған күдіктінің қамауға алынғанын айтты. Бұл жолы күдікті өлтірілді деген ақпарат тарады. Дегенмен штат полициясы мұны жоққа шығарды. Кейінірек жергілікті билік сол мектептің 14 жастағы оқушысы Колт Грейдің ұсталғанын хабарлады.

Оған төрт адамды өлтірді деген айып тағылды. Енді ол кәмелет жасына толмаған адам емес, ересек адам ретінде сотталады.

Федералдық тергеу бюросы 2023 жылдың мамыр айында мектепте атыс ұйымдастыру қаупі туралы анонимді хабар алғанын мәлімдеді. Дегенмен жазбаның қай жерде және қашан болғаны айтылмаған. Алайда 24 сағат ішінде тергеу бюросы хабарламаны жіберген адамды анықтаған. Ал жергілікті полиция Колт Грейдің өзімен және оның әкесімен сөйлескен.

Тергеу бюросы мәлімдемесіне сәйкес, Колт Грейдің әкесінің аңшылық қаруы бар екен. Алайда әкесі қаруды ұлының қолы жетпейтін жерге сақтағанын айтты. Сол кезде Колт Грейт қоқан-лоққы жазбаларын интернетте өзі жарияламағанын айтқан. Полиция оны қамауға алуға негіз таппаған соң босатып, жергілікті мектептерге Грейтті қадағалап отыруды тапсырған. 

Фото: Getty images

АҚШ бас прокуроры Меррик Гарланд оқиғаға қатысты деректер әлі жиналып жатқанын айтты. 

Ал жергілікті журналистер атыстан аман қалған мектеп оқушыларымен тілдесіп, оқиға куәгерлерімен сөйлесті.

Оқушы Александра Ромеро дәлізде айқай естілген кезде сыныпта отырғанын айтты. Көп ұзамай сыныпқа бір адам кіріп, оқушыларға "мүмкіндігінше тығылуды" айтып, ескерткен.  

"Қолымның қалай дірілдегені әлі есімде. Өзімді нашар сезіндім. Өйткені бәрі жылап жүрді. Олар өз бауырларын тезірек тауып алуға тырысты", – деді оқушы. 

"Зорлық-зомбылық эпидемиясын тоқтатуымыз керек"

АҚШ президенті Джо Байден қаза тапқан жандардың отбасына көңіл айтты. Сондай-ақ Американың "мұндай қайғылы оқиғаларды қалыпты жағдай ретінде қабылдай алмайтынын" жеткізді.

"Оқу жылы енді басталған кезде қайғылы оқиғаға тап болдық. Біз мұны бұдан былай қалыпты жағдай ретінде қабылдай алмаймыз", – деді Байден.

АҚШ вице-президенті және Демократиялық партия атынан президенттікке үміткер Камала Харрис мектептегі атысты "тағы бір мағынасыз трагедия" деп атады.

"Елдегі қарулы зорлық-зомбылық эпидемиясын біржола тоқтатуымыз керек. Бұл алдағы сайлауда талқыланатын көптеген мәселелердің бірі", – деді ол.

Талқылау