Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атыраулықтардың денсаулығы сыр беріп жатыр: Мұнай өңдеу зауыты жауап берді

Фото: 2Gis

Атырау қаласының тұрғындары мен шет аймақтағы ел-жұрт жаппай жағымсыз иіске шағымданып жатыр. Қолқаны қабатын иістен адамдардың денсаулығы сыр бере бастаған. Тексеріс кезінде ауадағы күкіртсутектің деңгейі шамадан 36 есе асып кеткені белгілі болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Зертханалық талдау нәтижелері бойынша ауада күкіртсутек концентрациясының айтарлықтай жоғарылағаны анықталды. Атап айтқанда, Тасқала ауылында рұқсат етілген деңгей 17,5 есе, оған іргелес аумақта 15 есе, ал Химпоселок ауданында 36,3 есе асып кеткен. 

Мамандардың айтуынша, олар жағдайды жан-жақты зерттеп, аумақты толық тексеріп, желдің бағытын ескерген. Соның нәтижесінде ауаға күкіртсутегінің таралуына Атырау мұнай өңдеу зауыты себеп болуы мүмкін деген қорытындыға келген.

Қала тұрғындары да ауаның ластануына Атырау мұнай өңдеу зауыты себеп деп санайды. Олар желіде жағымсыз иістен бас ауырып, денсаулығы нашарлап жатқанын айтты. 

Атырау мұнай өңдеу зауыты ауадағы жағымсыз иіс пен күкіртсутекке қатысты жауап берді. 

“Атырау аумағында зауыттан бөлек те ластаушылар бар. Ластану нақты қай жерден шығып жатқанын құзырлы органдар анықтауы тиіс. Біз өз тарапымыздан санитарлық-қорғау аймағындағы барлық көрсеткіштерге талдау жүргіземіз. Сол талдаулардың нәтижесі бойынша шекті мәндерден асу тіркелмегені туралы хабарлама берілді”, – деді АМӨЗ қоршаған ортаны қорғау бөлімінің жетекші инженері Мөлдір Борашова.

Еске салайық, күні кеше Атырауда ауадағы күкіртсутектің деңгейі шамадан 36 есе асып кеткені туралы жазған едік. 

Айым Болатқызы
Сейсенбі, 27 Қаңтар, 2026 08:27