Атыраулық такси жүргізушілер оң жақ рөлді көліктерге жолаушы тасымалдауына салынған тыйымға қарсы шықты

Фото: Видеодан скриншот
Атырау облысында рөлі оң жақтағы көліктерге жолаушы тасымалдауға тыйым салынды. Полиция жол апатын азайту мақсатында трассаларға шығып, Тойота Альфард, Естима маркалы көліктерді жаппай тоқтатып жатыр. Бұл шектеу такси қызметін көрсетіп, нәпақасын тауып жүрген жүргізушілердің наразылығын туғызды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Атырауда екі аймақ арасында адам тасымалдайтын жүргізушілер бір-ақ сәтте жұмыссыз қалды. Рөлі оң жақта, жеті немесе сегіз адамға арналған кең көлік иелері жаңа шектеуге қарсы. Олар күнделікті табыстан қағылып, отбасын асырау қиындады деп отыр.
Көлігім несиеге алынған. Төленгеніне 4 жыл болды. Мен 3-4 күн адамдарды жолдан түсіріп аламын. Несие мерзімі өтіп жатыр. Бір күнде тоқтатып тастауға болмайды ғой. Біз жұмыс істеп жүрген халықпыз. Отбасын асырау керек. Бізге оңай емес”, – деді жүргізуші Арман Бағытов.
Апта басынан бері атыраулық полицейлер трассаларға шығып, рөлі оң жақ рөлді көліктерді жаппай тоқтатуға кіріскен. Салон ішінде жолаушылар отырса, жүргізушіге бірден айыппұл салынады. Тіпті айып тұрағына апарады.
“Күнделікті табатын 10-15 мың теңге ақша еді. 3-4 күн енді ақша жоқ. Үйден шыға алмай қалдым. Жұмыс жоқ, үйде жатырмыз. Құлсары жақта адам тасымалдайын десем, тағы болмайды. Бізге керегі шектеуді алсын!”, – деді жүргізуші Қанат Құлдырахманов.
Ал полиция департаментінің өкілдері Тойота Альфард, Естима сынды маркалы көліктердің жолаушы тасымалдауға құқығы жоқ дейді. Оған қоса, заңсыз такси қызметін атқаратын осы минивендердің дені жылдамдықты шектен асырып, ережені елемейді деп отыр.
“Осы жылы тас жолдарда ауыр жол апаттарынан 16 адам мерт болдв. Оның ішінде балалар да бар. Аудан, елдімекендерде 6-7 адамнан салонға салып алады. Адам өмірі маңызды емес, күнделікті табысын ойлап кетті. Жол көлік оқиғасын алдын алу мақсатында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, кеңінен қайтарып жіберіп жатырмыз”, – деді Атырау облысы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Әділбек Шахматов.
Бұл мәселе мәжіліс мінберінде де көтерілді. Депутат Елнұр Бейсенбаев рөлі оң жақтағы көліктердің кесірінен тас жолда көз жұматын жандардың қатары күрт көбейгенін айтып берді. Халық қалаулысы бұл көліктерге бақылауды күшейтіп, жолаушы тасымалына мүлдем жолатпау керек деп отыр.
Еске салсақ, мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев Қазақстанда барлық “оң жақ рөлді” көліктерді пайдалануға толығымен тыйым салуды ұсынған еді.
Алматы әкімдігі тұрғындардың наразылығын тудырған эстакадаға қатысты суретке түсініктеме берді