Атырауға жеткізілген Ақбаян Мұқанғалиева психиатриялық ауруханаға жіберілді

Атырау облысындағы бүтін бір отбасының өлімі қазақстандықтанды дүр сілкіндірді. Осы іс бойынша күдіктілердің бірі – Ақбаян Мұқанғалиеваның денсаулық жағдайына қатысты жаңа мәліметтер белгілі болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұған дейін күдіктілер Сұлтан Сәрсемәлиев пен оның жұбайы Ақбаян Индонезиядан Алматыға жеткізілгені хабарланған болатын. БАҚ мәліметінше, Сұлтан Наурыз бен Мирамгүлді (Ақбаянның ағасы мен әпкесін) өлтіргенін мойындап, олардың мәйіттерін бұрын Геолог ықшамауданында жалдап тұрған үйдің ауласына көмгенін айтқан.
Туыстарының айтуынша, Ақбаян қазір Атырауда, Авангард ықшамауданындағы психологиялық қолдау орталығында медициналық-психологиялық көмек алып жатыр.
“Оның психиатриялық есепте тұрған-тұрмағанын білмейміз. Бірақ Ақбаянның енесінің айтуынша, ол қазір Атыраудағы психиатриялық мекемеде (психиатриялық көмек көрсететін медициналық ұйым) жатыр”, – деді отбасының туысы.
Сондай-ақ Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, отбасының кенже қызының, яғни Ақбаянның қылмысқа қатысы болуы мүмкін екені тексеріліп жатыр. Ал оның психикалық жағдайын анықтау үшін ол сот-психиатриялық сараптама жүргізу мақсатында медициналық мекемеге жіберілді.
Қазір тергеу жалғасып жатыр және ерекше бақылауға алынды.
Бұған қоса, Ақбаянның психикалық денсаулығына қатысты елеулі мәселелер болуы мүмкін екенін бұған дейін күдіктінің анасы айтқан. Гүлнар Азмұқанованың сөзінше, келіні дәрігерлердің бақылауында болған. Оның айтуынша, қазір шамамен бір жастағы бесінші баласын дүниеге әкелгеннен кейін әйелдің психологиялық жағдайы ауырлап, ем қабылдауға мәжбүр болған. Сондай-ақ олар бұған дейін де медициналық себептерге байланысты Түркияға барған.
Ақбаян мен Сұлтан 2022 жылдан бері ресми түрде ажырасқан. Күдіктінің анасының сөзінше, олар әйелдің ата-анасының талабы бойынша ажырасқан.
Еске салайық, бұған дейін 2025 жылдың күзінде Атырау облысы Қызылқоға ауданы Жангелдин ауылында бір отбасының төрт мүшесі із-түссіз жоғалған. Кейін олардың екеуі ерлі-зайыпты Мақсот Қарабалин мен Насипа Өтешқалиеваның мәйіттері үй ауласынан табылды. Ал олардың балалары Мейрамгүл Қарабалина мен Наурыз Мұқанғалиев әлі де іздеуде еді. Бұл іс бойынша отбасының күйеу баласы Сұлтан Сәрсемәлиев күдікті ретінде іздеуге жарияланған еді.
"Дәрінің құны 1,5 миллиард теңге": Бұлшықеті әлсіз қазақстандық бүлдіршінге денсаулық сақтау министрлігі көмек көрсетуден бас тартқан