"Жыл сайын теңізге апарамыз деп уәде бергенбіз": Қазақстандық ерлі-зайыпты 4 баласын алып, көлікпен үш елді аралап шыққан
Қазақстандық ерлі-зайыпты 4 баласымен автокөлік арқылы Атыраудан Түркияға барып, саяхаттап келді. Олар түрік еліне жету үшін үш елдің шекарасын асып, бірнеше қаласын аралап шыққан. Айнель Тулемисова Stan.kz ақпарат агенттігіне көпбалалы отбасыларға автокөлікпен саяхаттаған қаншалық тиімді әрі қызық екенін айтып берді.
Атыраулық Айнель Тулемисова мен Қанат Матогуловтың 4 ұлы бар: 13 жасар Асанәлі, 9 жасар Әмірали, 7 жасар Бақтияр және 4 жасар Мұстафа. Айнельдің айтуынша, олардың отбасының кішігірім өз ережесі бар. Бұл – жылына бір рет балаларды теңізге апару. Сол себепті олар жыл сайын алдын ала тур сатып алып, отбасымен бірге шетелге саяхаттап тұрады. Дегенмен кейінгі жылдары Айнельдің жолдасының жұмыс бабына байланысты ертерек жоспар құра алмай, автокөлікпен саяхаттауға бел буыпты.
“Мен фотографпын. Ал жолдасым мұнай-газ саласында вахталық режим бойынша істейді. Кейінгі жылдары жолдасымның жұмыс кестесі жиі өзгеретін болды, іссапары көбейді. Соған байланысты алдын ала бір уақытқа тур сатып ала алмай қалдық. Бұл – бірінші себеп. Екіншіден, қазір 6 адамға дайын турлардың бағасы 5-6 миллион теңге шамасында. Әрине, бұл қалтаға ауыр салмақ түсіреді. Содан жолдасым көлікпен барайық деді. Алғашында мүмкін емес деп ойладым. Бірақ кейін жолдасым түсіндіріп, екі күнде тез шешім қабылдап, заттарымызды жинап, жолға шығып кеттік. Бір апталық демалысымызға шамамен 2 миллион теңгедей кетті. Бұл дайын турға қарағанда әлдеқайда арзан”, – дейді Айнель.
Бұл сапарға олар былтыр тамызда 7 адамға арналған орындығы бар Alphard көлігімен барған. Көпбалалы отбасының діттегені жері Түркияның Каш қаласы болған. Дегенмен бұл қалаға жету үшін әуелі Ресейдің, Грузияның шекарасын кесіп өткен. Өздерінің айтуларына қарағанда, автосаяхаты бір аптаға созылған.
“Әуелі Ресейдің Астрахань қаласына бардық. Бұл қалада аялдамай, бірден Грузияға өтіп, шекараға жақын орналасқан Казбегиге жеттік. Казбегидің таулары, табиғаты ғажап екен. Ол жердің сұлулығын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Аймақты сәл аралап, тамақтанып, Батумиге жол тарттық. Батумиде бір түн болдық. Содан кейін Грузиямен шекараласып жатқан Түркияның Трабзон қаласына, Трабзоннан Каппадокияға жеттік. Каппадокияны аралаған соң, Кашта қыдырдық”, – дейді Айнель.
Матогуловтар отбасы Казбеги тауларын аралаған, Батумидегі Қара теңізге түсіп, онда көп өсетін қарақатқа тойған. Кейін Түркияның Каппадокиясында Айнель әуе шары арқылы ұшса, жолдасы мен балалары қонақүйдің террасасынан осы әдемі көрініске куә болған екен. Ал Каш қаласында төрт күн қыдырып, әйгілі Капуташ жағажайында шомылып, кешке күннің батқан сәтін тамашалап, қаланың тарихи жерлерін аралапты. Айнельдің айтуынша, өз көлігіңмен саяхаттағанның ұтымды тұсы көп. Мәселен, маршрутты өзіңнің қалауыңа қарай ыңғайлауға, кез келген уақытта жоспарыңды өзгертуге болады.
“Маған бөлмесі кең, бірақ ауласы кішірек, өз асханасы бар қонақүйлер ұнайды. Төрт баламен аумағы үлкен қонақүйде ары-бері жүрген қиын. Оған қоса төрт баламызға жолда жейтін тіскебасар дайындап алғанды да жөн көремін. Сол себепті барған елімізде өзімізге ыңғайлы жерден қонақүйді таңдадық. Қонақүйіміз ұнамай қалса, бір түннен соң басқасына ауыса салдық. Ал алдын ала дайын тур алсаң, мұндай мүмкіндіктер бола бермейді”, – дейді Айнель.
Айнель бұл саяхат қиын өтетініне сенімді болған. Себебі балалар балалығын жасап, жолда еркелеп, шаршап, соңында өзінің де, жолдасының да, балаларының да мазасы кетеді деп ойлаған. Дегенмен, керісінше, бұл саяхат отбасы мүшелерінің барлығына ерекше ұнапты. Тіпті, балалары тағы осылай қыдырғысы келетінін айтқан.
“Жолға шықпай тұрып, балаларымды дайындадым. Оларға жолда түрлі қиын жағдай болуы, шаршауы мүмкін екенін айтып, барынша сабырлы болуға, тек өзінің емес, барлық отбасы мүшелерінің жағдайын ойлау керек екенін түсіндірдім. Қуанышымызға орай, балаларымыз мүлдем мазамызды алмады. Мәселен, Астрахань шекарасындағы кептелісте өте ұзақ тұрдық. Күйеуім таңға дейін кептелісте көлікті алға қозғалтып отырды. Сол кезде төрт ұлымыз да тып-тыныш отырып, ешқандай артық ерке мінезін көрсетпеді. Жол бойы бірі ойынын ойнады, бірі кітабын оқыды. Тіпті, 4 жасар ұлым “автокреслосынан” түспей отырды”, – дейді Айнель.
Айнельдің сөзінше, олардың бұл саяхаты бұған дейінгі басқа демалыстарына қарағанда әсерлі әрі пайдалы өткен. Себебі дәл осы кезде олар ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасын одан әрі нығайта алған.
“Кейде күнделікті қарбалас жұмыспен балаларға жеткілікті дәрежеде көңіл бөлмей жатамыз. Осы саяхатта соның орнын толтырғандаймыз. Жолдасым – түрлі тақырыпта әңгіме өрбіте алатын, түрлі қызық ақпарат білетін зерек адам. Жолда балаларыммен бірге географияға, дүниежүзі елдеріне қатысты түрлі тақырыпта сөйлесті. Әр барған еліміздегі мекендердің, ғимараттардың тарихын біліп, бізге айтып беріп отырды. Оған қоса бір-біріміздің қалауымызды, арманымызды біліп, жаңа қырымыздан таныдық”, – дейді Айнель.
Саяхатшы ана көпбалалы отбасыларды балалармен бірге саяхаттауға, әсіресе көлікпен ұзақ жолға шығудан қорықпауға шақырды.
“Бұл саяхат балаларымның өмірінде жылы естілік болып қалатынына 100% сенімдімін. Осы саяхат балаларымызға көп нәрсе үйретті. Ұлдарымыз шекарада өзін қалай ұстау керек, қалай өту керек, қай елде қалай сөйлеу керек екенін және тағы басқа көп маңызды мәселені біліп қайтты. Біз жақында кең әрі жайлы көлік алдық. Бұйырса, болашақта тағы осылай жаңа көлігімізбен қыдырғымыз келеді. Түркия балалармен қыдырғанға өте ыңғайлы ел екен. Жолы жақсы, әр жанармай бекетінде баламен жүрген аналарға барлық жағдай жасалған. Сол себепті келешекте Түркияның басқа қалаларына барып көргіміз келеді. Басқа көпбалалы отбасыларға да саяхаттауға кеңес беремін. Той-томалаққа кететін ақшаны жинап, балаларыңызбен бірге ел көріңіз, жер көріңіз ”, – дейді Матогуловтар отбасы.

Шетелде бірнеше мүлкі бар, Құлыбаевтың компаниясында директор: Басы дауға қалған Олжас Байділдинов туралы не белгілі
