Атырауда 33 миллиард теңгеге салынған тұрғын үйлер пайдануға берілмей, бос қаңырап тұр

Атырау маңындағы Талғайранда әлеуметтік осал топтарға арналған қала-спутник жобасы жеті жыл бойы бітпей, бос тұрған үйлерге айналды. Құрылысқа ондаған миллиард теңге жұмсалғанымен, инфрақұрылым толық аяқталмай, жоба ұзаққа созылған құрылысқа айналып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Аzh.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Атырау қаласының маңындағы Талғайран ауылында әлеуметтік осал топтарға арналған тұрғын үй құрылысы жобасы алғашқы кезеңде-ақ тоқтап, ұзаққа созылған құрылыстардың біріне айналды. Бұл ауқымды жоба алғаш рет өткен онжылдықта, 2016 жылы Атырау қаласының Бас жоспары бекітілгеннен кейін жарияланған еді. Жобаның алғашқы кезеңінде "Ақтөбе-Лаэти" атауымен белгілі тұрғын алабында 94 көпқабатты тұрғын үй салу көзделді (оның ішінде 70-і бюджет есебінен, қалғаны коммерциялық мақсатта). Сонымен қатар білім беру, медицина, спорттық-сауықтыру нысандары, автожолдар мен көгалдандыру жұмыстары да жоспарланған еді. Кейін бұл ықшамаудан "Болашақ", "Жастар", "Спутник" деп те аталды.
2019 жылы осы жаңа ықшамауданда алғашқы 24 тұрғын үйдің (1080 пәтер) құрылысы басталды. Әкімдік бұл жобаны Атырау қаласының болашақ ірі қала-спутнигінің бастауы ретінде таныстырған болатын. Алайда уақыт өте келе, алдымен пандемия әсерінен көптеген жоба уақытша тоқтап, кейін бұл ықшамаудан жоғары лауазымды тұлғалардың есептерінде сирек атала бастады.
Кейін жағдайды сол кездегі облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов түсіндірді. Оның айтуынша, мәселе тек пандемияда емес, ең бастысы құрылыстың тиісті деңгейде дайындалмауында болған.

"2019 жылдың соңында әкім қызметіне кіріскенде, Талғайран ауылында 24 үйдің салынып жатқанын білдім. Жоспармен танысқанда, инженерлік инфрақұрылымға арналған жобалық-сметалық құжаттама (ЖСҚ) дайын емес екені анықталды. Осыған байланысты құрылыс басқармасына инфрақұрылым мәселесі шешілгенге дейін жұмысты тоқтата тұруды тапсырдым", – деген еді ол.
Арада бірнеше жыл өтсе де, 2026 жылға қарай 24 үй (әлеуметтік осал топтарға арналған баспана) әлі күнге дейін қоныстандырылмаған күйде, далада бос тұрған ғимараттарға айналған. Ал жоспарланған әлеуметтік нысандардың ішінен тек 900 орындық мектеп қана пайдалануға берілген. Оның өзі "КТК" компаниясының демеушілігімен салынған.

Атырау қаласы әкімдігінің мәліметінше, бұл 24 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысына жалпы 17,6 миллиард теңге бөлінген. Бастапқы жоспар бойынша нысандар 2020 жылы пайдалануға берілуі тиіс болған. Құрылысты жеті мердігер компания жүргізген: "А-ҚұрманҚұрылысГрупп" ЖШС (алты үй), "Каспий Құрылыс ЛТД" (бес үй), "Атырау ЖБИ-2005" (төрт үй), "СК БакСтрой" (төрт үй), "ГТЭС Строй" (үш үй), сондай-ақ "СтандартСервизГрупп" пен "АС-Құрылыс" бір-бір үйден салған.
Инженерлік-коммуникациялық желілерді тартуға арналған жобалық-сметалық құжаттама тек 2020 жылы ғана әзірлене бастаған, оның құны – 234,5 миллион теңге. Қазіргі таңда аталған үйлерге магистральдық, тарату және алаңішілік инженерлік инфрақұрылым толық жүргізілген (су, кәріз, электр, газ, жылу жүйелері). Магистральдық кәріз желісінің құрылысы 60%-ға орындалған, оны аяқтау осы жылға жоспарланған. Сонымен қатар Талғайран елді мекені үшін қуаттылығы сағатына 99 Гкал болатын қазандық салуға тендерлік рәсімдер жүргізілуде. Жалпы инженерлік инфрақұрылымды жүргізу бюджетке 11,2 миллиард теңгеге түскен.

Әкімдік өкілдерінің айтуынша, құрылыс мерзімінің созылуына пандемиядан бөлек, құрылыс материалдарының қымбаттауы және инженерлік желілер жобасына түзетулер енгізу қажеттілігі әсер еткен.
Автожолдарға келсек, сыртқы жолдардың құрылысы 50%-ға ғана аяқталған. Бұл жұмыстарды 1,6 миллиард теңгеге "Атырауинжстрой-АИС" ЖШС жүргізіп жатыр. Алайда жобалық-сметалық құжаттама ескіріп кеткендіктен, қазіргі уақытта оған өзгерістер енгізілуде. Ал ішкі жолдар мен абаттандыру жұмыстарын 2,6 миллиард теңгеге "Номад Құрылыс компаниясы" ЖШС жүзеге асырылды.
Микроауданда әлеуметтік инфрақұрылым іс жүзінде жоқ болғанына қарамастан, билік өкілдері биыл 24 тұрғын үйді пайдалануға беруді жоспарлап отыр. Ал бастапқы жоспардағыдай қала-спутник жобасы толық жүзеге аса ма, жоқ па – әзірге белгісіз. Жалпы алғанда, әкімдіктен алынған деректерді қорытындыласақ, жеті жылға созылған бұл құрылыс салық төлеушілерге кемінде 33 миллиард 234,5 миллион теңгеге түскен.
- Қостанайда үлескерлер рұқсат қағазы жоқ компанияға ақша салып, нысансыз қалды
-
Алматыда жер телімін сатып алғандар сан соғып қалды: Енді бұл жерде саябақ салынады
Еске салайық, бұған дейін 2024 жылы Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков және футболшылардың қатысуымен іргетасы қаланған жаңа футбол стадионының құрылысы әлі аяқталған жоқ. Алғашында жобаға 20,9 гектар жер телімі бөлінген. Кейін жобалау барысында қосымша 6,24 гектар жер қажет болған. Мемлекеттік қажеттілік үшін жер учаскелерін сатып алу процесі уақыт алып, құрылыстың басталу мерзіміне әсер еткен. Құрылыс жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылуда. Бас мердігер ретінде "Qazaq Stroy" ЖШС таңдалған.
Полиция бастығының қызы Олжас Сүлейменовтің немересін қалай қағып өлтірді: Қазақстандағы тағы бір атышулы жол апатын еске түсірейік