Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атырауда жол үстінде төбелескен жүргізушілерді арнайы жасақ ажыратып алды (видео)

Атырауда жол үстінде төбелескен жүргізушілерді арнайы жасақ ажыратып алды

Фото: Видеодан скрин

Атырауда жол үстінде бір-біріне жол бермеген жүргізушілер ерегісіп, оларды арнайы жасақ ажыратып алды. Ақыры бірінің қолы сынып, жарақат алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

17 қараша күні сағат 10:00 шамасында Баймұханов көшесінде болған жағдайды жәбірленуші тарап видеоға түсіріп алды. Видео авторының айтуынша, Hyundai көлігінің жүргізушісі жол бермей алға түсіп алып, қайта-қайта тежегішті басып отырған. Осылайша апатты жағдай тудырған.

Екі жүргізуші де қызбалыққа салып, жол шетіне тоқтап, жағдайды төбелеспен шешпек болды. Бір-бірін балағаттаған олар сыртқы шығып кетті. Автор көліктен шығамын дегенше Hyundai көлігінің жүргізушісі Toyota-ның иесінің қолын сындырған. Сол сәтте оқиға жанынан өтіп бара жатқан “Арлан” жасағының (Ішкі істер министрлігінің арнайы тағайындалған бөлімі) жаға ұстасқан екі жүргізушіні ажыратып алды. 

Toyota жүргізушісінің қолы сынып, оқиға орнына жедел жәрдем шақырылды. Араға бір минут салмай жедел жәрдем көлігі оқиға орнына жетті. Кейін оның басқа шақыртуға бара жатқаны анықталды. Жедел жәрдем жәбірленушіні медициналық көмек көрсету үшін алып кетті.

“Қақтығыс жүргізушілердің бір-біріне жол бермегенінен болған. Төбелес салдарынан 24 жастағы Hyundai жүргізушісі 38 жастағы қарсыласының қолын сындырған. Hyundai жүргізушісі №2 қалалық полиция бөлімінің жедел-тергеу тобына жеткізілді. Оған мемлекеттік тіркеу нөмірі жоқ, пайдалануына тыйым салынған немесе белгіленген тәртіппен тіркелмеген көлік басқарғаны үшін, сондай-ақ сақтандыру полисі болмағандықтан әкімшілік хаттамалар толтырылды”, – деп мәлімдеді ауданның полиция департаменті.

Құқық бұзушының автокөлігі айып тұрағына қойылып, оған қатысты “Бұзақылық” бабы бойынша тергеу басталды.

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 24 Қараша, 2025 12:16
Талқылау