Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атырауда "ВИЧ" жұқтырғанын біле тұра интимдік қызмет көрсеткен екі трансвестит қамауға алынды 

Фото: Видеодан скрин

Атырауда өздерінде АИТВ бар екенін біле тұра ақылы интимдік қызмет көрсеткен деген күдікпен екі адам ұсталды. Полиция олардың әрекеті бойынша қылмыстық іс қозғап, жәбірленушілерді анықтап жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Атырау қаласында 23 және 28 жастағы екі азамат ұсталды. Олар 2025 жылдың желтоқсан айынан бастап өздерінде АИТВ инфекциясының бар екенін біле тұра, арнайы медициналық есепте тұрғанына қарамастан, транс тұлғалар ретінде ақылы интимдік қызмет көрсетуді жалғастырған.

Жедел іс-шараларды Атырау облысы полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жүргізді.

Күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Аталған дерек бойынша өзінде бұл аурудың бар екенін біле тұра, басқа адамға АИТВ инфекциясын жұқтыру фактісімен қылмыстық іс қозғалды.

"Азаматтардың өмірі мен денсаулығына қасақана қауіп төндіру – ауыр қылмыс. Қазақстанның заңнамасына сәйкес, мұндай әрекеттер үшін 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Қазір қажет тергеу әрекеттері жүргізіліп, жәбірленушілер анықталып жатыр. Әрбір дерекке құқықтық баға беріледі. Әрбір кінәлі тұлға заң алдында толық жауап береді", – делінген хабарламада.



Еске салайық, бұған дейін Алматыда түнгі бар иесі әрі ЛГБТ-белсенді Амир Шайкежановқа қатысты қылмыстық іс қозғалды. Оны өз қызметкерін ұйықтап жатқан кезде зорлады және АИТВ жұқтыру қаупіне әдейі ұшыратты деп айыптайды. Жәбірленуші оқиға наурызда болғанын, бірақ психологиялық күйіне байланысты бұл туралы кейін жариялаған. Шайкежанов жыныстық қатынас болғанын жоққа шығармайды, алайда ол өзара келісіммен өтті дейді. Іс Алматыдағы Медеу аудандық №2 сотында қаралып жатыр.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 24 Ақпан, 2026 12:19