Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Маймыл қайда?": Атырауда сотқа тіл тигізген блогер қамауға алынды

Атырауда сотқа құрметсіздік танытты деген айыппен Рүстем Баязиевке әкімшілік хаттама толтырылды. Ол бес тәулікке қамауға алынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: instagram.com/rus__015

Блогер басқа адамға қатысты сот отырысына қолдау көрсетуге келіп, сол жерде сотқа "Маймыл қайда, көрмедіңіздер ме?" деген сұрақ қойған. 

Атырау қаласы әкімшілік құқықбұзушылық бойынша маманданған сотының судьясы Анар Айтжанова бұл сұрақты қорлау деп қабылдап, "сотқа құрметсіздік танытқаны үшін" Баязиевке репорт жазған. Осыған байланысты 12 қаңтарда сот приставы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 653-бабы 1-бөлігі ("Сотқа құрметсіздік танытқаны үшін") бойынша Баязиевке әкімшілік хаттама  толтырды. 

Кеше Атырау қаласының әкімшілік құқықбұзушылық жөніндегі мамандандырылған сотында блогерге қатысты іс қаралды.

"Сот қаулысымен блогер Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 653-бабы 1-бөлігі бойынша айыпты деп танылды, оны жеке басын, жасаған әкімшілік құқық бұзушылық сипатын ескере отырып, бес тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алу туралы шешім шықты", делінген сот хабарламасында.

Блогер мұндай шешіммен келіспеді. Оның айтуынша, ол жай ғана судьяға сұрақ қойған және бұл оқиға сот басталғанға дейін болған. Баязиев сот шешіміне шағымдануға ниетті.

Бұған дейін Таразда жол ережесін бұзып, TikTok желісі арқылы полицейлер көзіне түскен блогер ұсталғанын хабарлаған едік. Ол мас күйінде тікелей эфирге кіріп, балағат сөздер айтып, көлігін көрсеткен. 

Талқылау