Атырауда көпбалалы ана сүндетке отырғызу құны қымбат екенін айтып, әкімдікке шағымданды
Фото: istockphoto.com
Атырауда "Алтын алқа" иегері, көпбалалы ана облыстық балалар ауруханасында сүндетке отырғызу бағасының қымбаттығына байланысты әкімдікке шағымданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Ақ Жайық басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Әйелдің айтуынша, медициналық мекемеде бір баланы сүндетке отырғызу үшін 25 500 теңге сұраған. Отбасында егіз болғандықтан, оларға жеңілдік ретінде бір балаға 18 000 теңгеден ота жасау ұсынылған. Алайда жалпы 36 000 теңге көлеміндегі бұл сома көпбалалы отбасы үшін тым ауыр болған.
"Бізде тек күйеуім ғана жұмыс істейді. Бағаның барлығы өсіп жатқан қазіргі жағдайда мен мұндай соманы қалай төлеймін? Балаларымның денсаулығына алаңдаймын", – деп жазды әйел.
Денсаулық сақтау басқармасы сүндетке отырғызу жоспарлы процедура екенін, тек ата-ананың қалауымен жүргізілетіндіктен, міндетті медициналық сақтандыру арқылы өтелмейтінін атап өтті.
Әкімдік өкілдерінің айтуынша, бағаның өсуіне медициналық құралдар мен материалдардың қымбаттауы себеп болған. Мемлекеттік мекемелерде бұл қызмет жеке клиникаларға қарағанда арзанырақ болғанымен, аз қамтылған отбасылар үшін бұл баға бәрібір қымбат.
Дәрігерлердің айтуынша, егер сүндетке отырғызу медициналық көрсеткіштер бойынша қажет болып, дәрігерден жолдама берілсе, бұл процедура күндізгі стационарда тегін жүргізілуі мүмкін. Ал басқа жағдайларда ата-аналарға әлеуметтік қорғау бөліміне немесе емханадағы әлеуметтік қызметкерге жүгіну ұсынылады.
Еске салсақ, бұған дейін 5 жасар баланы сүндеттеу кезінде жыныс мүшесінің үштен бір бөлігін кесіп тастаған қазақстандық дәрігер сотталғаны туралы жазған едік.

Қазақстандық қыз АҚШ-қа оқуға барып, жүкті екенін білді: Ол қолындағы баласымен Йель университетін бітіріп, Стэнфордқа түскен
