Атырауда қоқысқа толған пәтерден зейнеткердің мәйіті табылды
Видеодан скрин
Атырауда қоқысқа толған пәтерден зейнеткердің денесі табылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Пәтерін қоқысқа толтырған қария көршілердің берекесін алған көрінеді. Себебі тұрмыстық қалдықтың жағымсыз иісі көпқабатты үйді түгел жайлаған. Тіпті, тұрғындар сасық баспанадан мәйіттің иісі шығады деп дабыл қақты. Халықтың шуынан кейін пәтердің ішінен расымен де зейнеткердің өлі денесі табылды. Мәйіттің қанша уақыт бойы жатқаны белгісіз.
"Иіс дейтін енді мүмкін емес. Балаларға инфекция тарай ма деп қорқып отырмыз. Бәрінен қорқып отырмыз. Тұрып жатырмыз, амалсыз не істейміз. Кімге барып, айтамыз. Шаршадық. Талабымыз тазалық керек", – дейді Атырау қаласының тұрғыны Болған Жидекбай.
Баспанада 60 жастағы зейнеткер жалғыз тұрған. Қарияның қоқысты үйінде не үшін жинай бергені түсініксіз. Шулаған халық пәтердің ішінен мәйіттің иісі шыға бастағанын сезіп, полиция шақырған. Тәртіп сақшылары үйдің ішіне кіргенде қарт кісінің демі үзілгені белгілі болған.
"Бүкіл жерде тарап жатыр. Қоқыстың, өліктің иісінен демалу мүмкін емес. Қоқысты қанша жыл бойы жинағанын Құдай білсін. Кім тазалайды? Біз өз денсаулығымыз үшін тұрғындар болып ақша жинап, тазалау жұмыстарын жүргіздік. Өліктің иісі вирус таратып жатыр. Иіс кетпейді. Залалсыздандыру керек, оны кім жасайды?", – дейді Атырау қаласының тұрғыны Ләззат Дәулетбаева.
Пәтерді коммуналдық қызметкерлер тазалауға кіріскен. Пәтерге жиналған тұрмыстық қалдықтар шығарылып, бірнеше жүк көлігіне тиелген. Ұл-қыздарының денсаулығына алаңдаған халық үйге толық дезинфекция жүргізуді талап етіп отыр.
"Қалалық әкімдік тарапынан сол үйдегі қоқысты тазарту жұмыстары бойынша нақты тапсырма берілді. Арнаулы автобаза мекемесінің бригадалары барып, тазалайды. Санитарлық-эпидемиологиялық жағдай бойынша тиісті органдарға хат әзірленіп, жолданбақ. Қазір арнаулы база жұмысшыларына дәрі, залалсыздандыру жұмыстары бойынша тапсырма береміз", – деді Атырау қалалық әкімдігінің баспасөз хатшысы Ғасырбек Төлеген.
Қазір қылмыстық іс қозғалып, қайғылы оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Марқұмның не себепті қараусыз қалғанын жауаптылар анықтайды.
Еске салсақ, бұған дейін Алматыда қоқыс контейнерінен әйелдің бөлшектелген денесі табылғаны туралы жазған едік.

Қазақстандық баласына беделді мектепке оқуға түс деп қысым жасаған: Соңында жасөспірім өзіне қол жұмсамақ болған
