Атырауда қоқыс полигонына 20 тонна пияз төгілген
Атырау қаласындағы қоқыс полигонына 20 тоннадан астам пияз төгілгені жайындағы ақпарат әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 24.kz телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: 24.kz
Анықтау барысында өнім көкөніс егумен айналысатын "Агрофеликс" шаруа қожалығына тиесілі болып шықты. Ал тұрақтандыру қорындағы 5 мың тоннадан астам көкөніс пен басқа да өнімдер қоймада сақталған.
Шаруа қожалығының басшылығы бұзыла бастаған өнімді қоқысқа тастауға пәрмен берген. Қазіргі таңда жұмысшылар қоймада жиналған пиязды сұрыптап жатыр. Шаруашылық басшысының болжамынша, әлі 20-30 тонна өнім шығын болуы мүмкін.
Шаруа қожалығының жетекшісі Енисей Юн бүлінген пияздарды іріктеп, полигонға апарып тастап жатқанын айтады.
"Басқа амал жоқ. Жарамсыз нәрсені жұртқа таратпаймыз ғой. Улы болғандықтан малға да бере алмаймыз. Берген күннің өзінде де қасында ішетін суы көп болуы керек. Кейбіреулер төгілген жуа тұрақтандыру қорыныкі деп жатыр. Бұл жалған. Оларға тіпті қатысы жоқ", – деп айтты Енисей Юн.
Тұрақтандыру қоры "Атырау" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына тиесілі.
"Биыл аймақта әлеуметтік маңызы бар көкөністердің бағасын тұрақты ұстап тұру үшін облыстық бюджеттен әлеуметтік-кәсіпкерлік коорпорациясы арқылы 817 млн теңге бөлініпті. Ол қаражатқа алынған көкөністер сәуір айына дейін белгілі бір нүктелерде қолжетімді бағада сатылады", – дейді тұрақтандыру қорының өкілі.
"Атырау" ӘКК" АҚ департамент директоры Қайсар Құрманәлиев тұрақтандыру қорына 5 136 тонна көкөніс өнімі жеткізілгенін мәлімдеді.
"Бұл көлем облысты 2024 жылдың сәуір айына дейін қамтуы тиіс. Ауыл шаруашылық тауарлары картоп пияз, сәбіз, қырыққабат қаланың 3 базарында және 3 аулалық сауда павилионында сатылады", – деді Қайсар Құрманәлиев.
Айта кетейік, жарамсыз көкөністі жою бұрыннан бар тәжірибе. Тек биыл бүлінген өнімнің мөлшері ауқымды болыпты.