Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тағы бір қалада картоп сатылымына шектеу қойылды: Бір қолға 3 килограмнан артық берілмейді

Атырауда картоп сатылымына шектеу қойылып, бір қолға 3 килограмнан артық берілмейді. Шектеу тек нарықтық бағадан төмен бағада сатылатын әлеуметтік өнімдерге қатысты. Тұрақтандыру қорының картобының бағасы – келісіне 180 теңге. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: pixabay.com

Мәліметтерге сенсек, үнемдегісі келген тұрғындарға мәзірін қайта қарауға тура келеді. Өйткені Атырау тұрғындары арзан картопты көптеп сатып ала алмайды. Шектеу алыпсатарлармен күресу үшін енгізілді. Шенеуніктер тұрақтандыру қорының өнімдерін жаппай сатып алып, қымбат бағада қайта сататындардың көбейгенін байқаған. Қазір дүкендердегі картоптың бағасы 300 теңгеден қымбат сатылып жатыр.

Әлеуметтік өнімдер 11 супермаркетте, 3 базарда және 6 арнайы павильонда сатылып жатыр. Тұрақтандыру қорының қоймаларында әлі 200 тонна картоп бар, бұл ақпан айының соңына дейін жетеді. 

"Атырау" ӘКК" АҚ азық-түлік қауіпсіздігі департаментінің директоры Қайсар Құрманәлиевтің айтуынша, жергілікті фермерлермен қосымша келісімшарттар жасалып жатыр.

"3 килограмм шектеу енгізудің себебі – кейбір сатып алушылар арзан картопты алып, кейін оны қымбат бағада қайта сата бастаған. Сонымен қатар кейбір адамдар картопты қаптап сатып алуға кірісті. Сол себепті осындай шектеу қою туралы шешім қабылданды", – деді Қайсар Құрманәлиев.



Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда жарты жылға картопты үшінші елдерге экспорттауға тыйым салынғанын жаздық. Ақпаратқа сәйкес, 2024 жылы қазақстандық картоп экспортының көлемі 605 мың тонна болған. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 1,5 есе көп. Қабылданған шаралар картоп бағасының алыпсатарлық жолмен өсуіне және нарық қатысушыларының мүмкін спекулятивті әрекеттерге жол бермеуге мүмкіндік береді.

Талқылау