Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атырауда Formula-1 жарыстарына арналған автотрек салынады

жарыс жолы салынадыФото: shutterstock

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов жаңа Formula-1 деңгейіндегі автотрек жобасында жастарға арналған бөлек аймақ қарастырылғанын айтты. Жобаның инвесторы  кәсіпкер Шота Абхазава. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Шәпкенов жобаның егжей-тегжейін түсіндіріп, журналистің "тасжолда әуесқой жарыстар өткізуге бола ма" деген сұрағына жауап берді.

"Бұл жоба ұсынылған кезде мен өзім инвесторға сол сұрақты қойдым. Өйткені, ашық айту керек, қазір жастар заңсыз көшеде немесе тасжолдарда жарыстар өткізеді. Біз олардың қай жерде өтетінін бақылап, қауіпсіздік пен басқа факторларды тексереміз. Сондықтан осы тасжолда жастар үшін арнайы мүмкіндік қарастырылған", - деді Шәпкенов.

Әкімнің айтуынаш, әуесқой жарыстар тек оқытудан өткен, қажетті құрал-жабдықтары бар және барлық қауіпсіздік нормаларын сақтайтындарға рұқсат етіледі. Қазіргі кезде жобалау жұмыстары жүріп жатыр және шамамен 2-3 жылдың ішінде құрылыстың басталу және аяқталу мерзімі анықталмақ.

Әкімнің айтуынша, жобаның бастамашысы кәсіпкер Шота Абхазава Атыраудағы ірі вагон зауытының иесі. Жобаны инвестор жеке қаражаты есебінен жүзеге асырады, ал әкімдік жер телімін бөліп берген.

"Ол өзі жарыстарға қатысады. Сондықтан, бұл оның сүйікті спорты және өңірде осы спортты дамытқысы келеді", - дейді Шәпкенов.

Аймақ басшысы инвестор жобалық жұмыстарға кіріскенін,  Италиядан сәулетшілер және тасжолдар салатын компания тартылғанын айтты. Кешен Атырау әуежайы маңында салынады. Жобаның ресми таныстырылымы желтоқсанның екінші жартысында өтеді деп жоспарланған.

Тасжолмен қатар жобада "Ақ Жайық" қонақүйінің орнына үлкен көпфункционалды кешен және "Самал" шағын ауданында шипажай-сауықтыру орталығын салуды да қарастырылған.

STAN.KZ
Бейсенбі, 04 Желтоқсан, 2025 14:43