Атырауда фельдшерлер әйелді үйінде босандырып, егіз қыздың өмірін сақтап қалды
Жаңа жыл қарсаңында Атырауда егіз қыз дүниеге келді, анасын жедел жәрдем қызметкерлері босандырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ATPress.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
29 желтоқсанда жедел жәрдемге босанғалы жатқан әйелден қоңырау түсті. №9 бригада сонда барды.
Жедел жәрдем фельдшері Эльвира Кәрімованың айтуынша, оқиға орнына жеткенде, әйел босанып жатқан. Яғни баланың басы шығыпты.
“Мен сәбилерді босандырып алдым. Қыз туды, кіндігін кескенімде, ана егіз туып жатқанын айтты. Алғашында абдырап қалдым, бұл 11 жылдық тәжірибемде бірінші рет болды”, – деді Эльвира Каримова.
Жедел жәрдем қызметінде жұмыс істегеніне бір жыл ғана болған фельдшер Қанат Жексембаев бірінші рет үйде егіздің босану процесіне қатысқан.
Дәрігерлер шыдамдылық танытып, босану жақсы өтіп, жаңа туған егіз қыз бен олардың анасы облыстық перзентханаға жеткізілді.
Атырау облыстық жедел жәрдем станциясы директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Наргиза Әбдірахманованың айтуынша, жыл басынан бері жедел жәрдем қызметкерлері 49 сәбиді ауруханадан тыс босандырғанымен, егіз сәби бірінші рет болды.