Полиция 9 жастағы қыздың ішінен "жын шығарған" атыраулық емшіге қатысты тексеріс жүргізбек (видео)
Әлеуметтік желіде атыраулық емшінің кәмелет жасқа толмаған балаға “жын шығару” рәсімін өткізіп жатқаны түсірілген видео тарады. Бұл видео желі қолданушыларының талқысына түсіп, көпшіліктің ашуын туғызды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Видеодан атыраулық Кейқуат Оспанов есімді емшінің 9 жастағы қызға “жын шығару” рәсімін өткізіп жатқанын көруге болады. Бейнежазба құзыретті органдардың назарын аударды.
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева оқиғаға қатысты түсініктеме берді. Ол желідегі парақшасында Ішкі істер министрлігімен және аймақтық өкілдермен тергеу жұмысы жүргізіліп жатқанын айтты.
“Аталмыш іс бойынша Ішкі істер министрлігімен, өңірлік уәкілдермен жұмыс істеп жатырмыз. Емшінің жеке басы мен баланың тұрып жатқан жері алдын ала анықталды”, – деп жазды Динара Закиева.
Сондай-ақ ол ақпараттың тексеріліп, мән-жайдың анықталып жатқанын атап өтті.
Бұған дейін емшіге алданған қазақстандық әйел әрекетсіздік танытқан полицейлерді сотта жеңіп шыққаны туралы жазған едік.