Атырауда дәрігерге кеткен ер адамның денесі өзеннен табылды

Атырауда 9 қаңтар күні дәрігерге барамын деп үйінен шығып, жоғалып кеткен 59 жастағы Талғат Назаровтың Оның денесі өзеннен табылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Ақ Жайық" басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 28 қаңтар күні ер адам шамамен екі метр тереңдіктен, бұрын оның жеке заттары табылған жерден 100 метр қашықтықта анықталған. Марқұмның денесі полиция қызметкерлеріне тапсырылды.
Басылымның хабарлауынша, Талғат Назаров Атырауға Қоқарна ауылынан келген. Туыстарының айтуынша, ол дәрігердің кеңесін алу үшін қалаға жол тартқан, алайда үйіне оралмаған. Бірнеше күннен кейін Жайық өзенінің жағасынан оның ұялы телефоны мен бас киімі табылған.
Жоғалған адамды іздеуге құтқарушылар, полицейлер, Ұлттық ұланның әскери қызметшілері және еріктілер жұмылдырылды. Құтқарушылар өзен жағалауын және түбін тексеріп, сүңгуірлік жұмыстар жүргізді, суасты дронын және ұшқышсыз аппаратты қолданды. Іздеу жұмыстарына қатты ағыс, су астындағы көрінудің төмендігі және күрделі гидрологиялық жағдайлар кедергі келтірді.
Ер адамның қаза болу себептері анықталып жатыр.
Еске салсақ, бұған дейін Атырау облысы Қызылқоға ауданына қарасты Жангелдин ауылында бір отбасының төрт мүшесі із-түссіз жоғалып кеткен еді. Артынша отбасының үйінің ауласынан ерлі-зайыпты Мақсот Қарабалин мен Насип Өтешқалиеваның мәйіттері көмілген күйде табылды. Олардың балалары әлі де із-түссіз жоғалғандар қатарында.
Полиция отбасының екі мүшесін өлтірді деген күдіктіге іздеу жарияланды. Күдікті – отбасының 29 жастағы күйеу баласы, Атырау облысы Махамбет ауданының тұрғыны Сұлтан Сәрсемәлиев. Полиция күдіктінің қайда екенін білетінін және жақын арада тұтқындайтытын мәлімдеді.