Атырауда блогерлердің қорлауынан кейін қайтыс болған күзетшінің ісіне қатысты қылмыстық іс қозғалды
Атырауда Мемлекеттік сараптама орталығына өздерін блогерміз деп таныстырып, күзетшіге тіл тигізген келушілерге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скриншот
Атырау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қылмыстық кодекстің 293-бабының 2-бөлігі ( Fдамдар тобы, алдын ала сөз байласу арқылы жасаған бұзақылық) бойынша іс қозғалды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Еске сала кетейік, бұған дейін Атыраудағы “Мемлекеттік сараптама орталығы” мемлекеттік мекемесінің күзетшісі жұмыс орнындағы оқиғаға байланысты басына қан құйылып көз жұмған еді. Оқиғаның видеосын қорғаушы Айнұр Балакешова өзінің желідегі парақшасында жариялаған. Марқұм мекеме күзетшісі Хәкім Иманиязов 56 жаста болған.
Мемлекеттік органға кіргісі келген блогерлер жолын бөгемек болған күзетшіге дауыс көтеріп, артынша балағаттаған. Олар күзетшінің аяқ киіміне тиісіп, “сен бомжсың ба?”, “сен кімсің?”, “сен еркек емессің, белдемше киіп ал” деп айтқан.