Атырауда 7 жасар қыз үстіне ескерткіш құлап көз жұмды: Сот мердігерге 1,5 жыл тағайындады
Фото: Halyqstan Telegram-арнасынан
Атырауда үстіне ескерткіш құлап көз жұмған 7 жасар баланың өліміне қатысты мердігерге үкім шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қайғылы оқиға 2024 жылдың маусым айында Атырау қаласындағы Жеңіс саябағында болған. Салмағы бір жарым тонна болатын Ұлы Отан соғысының батырына арналған бюст жеті жасар Айараның, оның ағасы мен әкесінің үстіне құлаған.
Қыз баланы құтқарып үлгермеді, ол жансақтау бөлімінде көз жұмды. Әкесі мен ағасы орташа ауыр жарақаттар алған.
Тексеру барысында ескерткіштер қалалық әкімдік тапсырысымен жеке мердігер компания тарапынан орнатылғаны белгілі болды. Сараптама нәтижесі бойынша, монтаж кезінде құрылыс нормалары өрескел бұзылып, қауіпсіздік шаралары сақталмаған. Мердігер компанияның директоры кінәсін мойындаған жоқ.
Айыптаушы тарап 4 жыл бас бостандығынан айыруды сұраған. Алайда сот істі қайта саралап, айыпталушының кәмелетке толмаған баласының барын, бұрын сотты болмағанын, сондай-ақ қайғылы оқиғаның сот бағасы бойынша "абайсыздықпен" болғанын ескеріп, жазаны жеңілдеткен.
Нәтижесінде — 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, амнистия бойынша мерзім екі есеге қысқарған. Соттың түпкілікті шешімі: 1 жыл 6 ай колония, сондай-ақ 3 жыл құрылыс саласында жұмыс істеуге тыйым салу.
Сонымен қатар сот үкімімен сотталушы моральдық шығын ретінде жәбірленушілердің әрқайсысына 10 миллион теңгеден және ем-дом шығындарын өтеуге міндеттелді.

"Халықтың қайғысына құрметсіздік": Алматыда Лениннің есімі берілген дәмхана желі қолданушыларының ашуын туғызды
