Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атырауда 10 шақырымдық жолды жөндеу 8 жылдан бері аяқталмаған

атырау жол

Видеодан скриншот

Атырауда 10 шақырым жолды жөндеу жұмысы сегіз жылға созылып кетті. Салдарынан Қайыршақты ауылдық округіне қарасты 10 ауылдың тұрғындары қауіпті айналма жолмен қатынап жүр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Хабар 24” арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

2017 жылдан бері 10 шақырым жолдың бар болғаны 4,7 шақырымына асфальт төселіпті. Бұл өз кезегінде 30 мыңнан астам тұрғыны бар 10 ауылдың тірлігіне кәдімгідей кедергі келтіріп тұр.

“Көктем, Томарлы, Ақжар секілді 10 ауылды облыс орталығымен байланыстыратын негізгі жолдың құрылысы 2017 жылы басталды. Кейін "Шыңдау" жобалау институты өзгертулер енгізіп, құрылысты тоқтатты. Жоба әлі күнге сарптамадан шыққан жоқ. Сайлаушыларымыздың талабы бойынша бақылауды күшейттік”, – дейді қалалық мәслихат депутаты Юрий Ли.

Бақылау болғанымен әзірге, салынып жатқан жол жоқ. Себебі мердігердің қолында нақтыланған жоба жоқ. Сондай-ақ салынып жатқан төрт жолақты жол құрылысын жүргізу үшін 70-ке тарта электр бағаны алынуы тиіс. Енді басында кеткен олқылық жалпы жұмыстың тоқтауына әкелді, дейді мамандар. 

“2017 жылы жасалған жоба. Бұл күндері ескірді. Оның ішінде көптеген кемшіліктер шықты. Жарықтандыру қарастырмылмаған, айналма жол қарастырылмаған. Инженерлік коммуникациларды алу қарастырылмаған. Бағаның өсуіне байланысты түзету   осыдан екі жыл бұрын басталған 2023 жылы, содан бері әлі өзгерту енгізіп жатыр”, – деді мердігер мекеме өкілі Зайни Мұстажапов.

Жоба бойынша Атырау мен Талғайраң ауылы арасындағы 10 шақырым жолды қайта жаңғырту жұмысына 4,8 млрд теңге бөлінген. 8 жылда оның 2 миллиардтан астамы игерілгенімен атқарылған жұмыс жартысына да жетпейді.

“Алғашқы жобалық шешімдерде ескерілмеген жұмыстардың болуына байланысты жобаға түзетулер енгізілді. Атап айтқанда, бүгінгі таңда облыстық комис.сияның оң шешімін алдық. Тиісті құжаттарды жаңартып, жаңағы жобаны жасақтап жатқан мекемеге тапсырдық. Аталған мекеме тарапынан мемлекеттік сараптамаға жүктеу жұмыстары жүргізілуде”, – деп мәлімдеді жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің бас маманы Сәлімжан Мұсабаев

Билік басындағылар биылғы желтоқсан айында жоба сараптамадан шығады деп сендірді. Егер оң нәтиже болса, бюджеттен қайтадан қаражат қаралып, жұмыс жалғасады.

Назархан Уән
Жексенбі, 02 Қараша, 2025 08:15
Талқылау