Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атырау облысындағы жанармай құю бекетінде жойқын жарылыс болды (видео)

Видеодан скрин

Атырау облысының Құлсары қаласында болған ірі жарылыстан 2 адам қаза тауып, 14 адам жараланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаменті мәлімдеді. 

"Алдын ала мәлімет бойынша, 14 адам жараланып, 2 адам қаза тапты", – делінген ТЖД хабарламасында.

Департамент мәліметінше, Жылыой ауданы Құлсары қаласындағы Махамбет Өтемісұлы даңғылында орналасқан “Ниет” жанармай құю бекетінде газ-ауа қоспасы жарылып, кейіннен бір қабатты үш ғимарат, газ құю станциясы және артында орналасқан екі қабатты ғимарат өртеніп жатқаны туралы хабар түскен.

"Оқиға орнына дереу ТЖД мен өрт сөндіру қызметінің 60 қызметкері мен 10 техникасы жұмылдырылды. Өрт сөндіру бөлімшелері өртті сөндіру және газ тасымалдаушы көлікті салқындату жұмыстарын жалғастырып жатыр. Сонымен қатар өрт ошақтарын оқшаулау және қауіпті аймақтан адамдарды эвакуациялау жұмыстары жүргізілуде", – деп мәлімдеді ТЖД.

Өрттің аумағы мен себебі анықталып жатыр.

Өртке байланысты жедел штаб құрылып, Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов шұғыл отырыс өткізді. Облыс әкімдігінің мәліметінше, қазір зардап шеккендердің барлығы түрлі дәрежедегі күйікпен аудандық ауруханаға жеткізілген.

Дана Русланқызы
Жұма, 30 Мамыр, 2025 20:39
Талқылау