Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атырау облысында Сібір жарасының анықталуына байланысты мал сататын орындар жабылды

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов өңірдегі Сібір жарасының таралуына қатысты пікір білдіріп, жағдайдың бақылауда екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

сібір жарасы

Фото: pixabay.com

Атырау облысында екі адамнан Сібір жарасы анықталған еді. Аймақ басшысы науқастардың дәрігерлердің бақылауында екенін айтты. 

“Сібір жарасы тіркелген сәттен бастап қала әкімінің шешімімен мал сататын орын толығымен карантинге жабылды. Сол жердегі бар мал есепке алынып, арнайы вакцинациядан өтті. Қазір карантинде тұр, дезинфекция жұмыстары жүргізіліп жатыр, әр уақытта сынамалар алынады. Сонымен қатар сол жерде жұмыс істеген 62 жұмысшыны тізімге алып, мониторингте ұстап отырмыз. Өкінішке қарай, 2 адамнан сібір жарасын жұқтыру фактісі анықталды. Қазір жағдайлары жақсы, медициналық көмекті толық алып жатыр”, — деді Серік Шәпкенов.

Өңір әкімі Атырау облысы арқылы өзге аймақтарға ет жеткізілетінін мәлімдеді. 

“Сонымен қатар басқа да ет сататын орындарда тексеру жұмысын жүргіземіз. Басқа да орындарды мониторинг жүргізіп, сынама алдық. Қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Біз БҚО, Ақтөбе облысынан мал аламыз, біз арқылы Маңғыстау облысына мал жіберіледі, сондықтан облысқа кіретін, облыс арқылы мал өткізуді бақылауда ұстап отырмыз”, — дейді ол.

Еске салайық, бұған дейін Атырауда Сібір жарасын жұқтырды деген күдікпен қасапшы ауруханаға жатқызылғаны туралы хабарлаған едік. 

Талқылау