Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атырау облысында автобус түгі қалмай жанып кетті (видео)

Атырау облысында автобус түгі қалмай жанып кетті. Көлікте жүргізушіден басқа адам болмаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Оқиға 13 маусым күні  болған. Өрт видеосы Іnstagram әлеуметтік желісінде тарады.

Бұл деректі растаған облыстық төтенше жағдайлар депаратменті қоғаммен байланыс тобының мәліметінше, автобустың жанып жатқаны туралы жергілікті уақытпен сағат 10:17-де хабар түскен.

"Мақат ауданындағы Доссор кентінен Құлсары қаласына қатынайтын тасжолдың 27-шақырымында автобус өртенді. "Yutong" автобусы зауыттан 2018 жылы шығарылған. Көлік Жылыой ауданының орталығы Құлсары қаласына бағыт алған. Өртті сөндіруге "Семсер Өрт Сөндіруші" ЖШС-нің 4 қызметкері мен 1 арнайы техникасы тартылды. Өрт салдарынан автобус толығымен жанып кетті. Жалын сағат 11:04-те толық сөндірілді", - деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.

Адамдар аман. Қазір автобустың неден өртенгені анықталып жатыр.

"Автокөлік жүргізушілерінен өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауды сұраймыз. Көліктегі ақау өртке, не жол апатына себеп болуы мүмкін екенін естен шығармау қажет", – деп мәлім етті департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.

Талқылау