Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Үлкен жауапкершілік": Атырау облысында 74 жастағы әже 22 жылдан бері таксист болып қызмет атқарады

74 жастағы атыраулық таксист әже көлік жүргізудегі тәжірибесін бөлісті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі polisia.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Видеодан скрин

Сәуле Мұсаеваның сөзінше, таксист болу күнделікті жұмыс емес, жауапкершілік пен басқаларға құрмет көрсету. Кейуана 30 жылдық жүргізушілік тәжірибесін және 22 жыл таксиде жұмыс істеп, жол қозғалысы ережелерін сақтаудың маңыздылығын айтты. Атырау облысындағы Мақат-Доссор тас жолында жүргізуші қызметін атқаратын әже ешашан жол ережесін бұзып көрмеген. 

Ол барлық ережелерді қатаң сақтайды екен. Жылдамдықты шектен асырмайды, жаяу жүргіншілерге жол беріп, көлік жүргізу кезінде телефонына алаңдамайды. Осы жылдар ішінде ол мыңдаған шақырымды бағындырып, сақтық пен тәртіп жолдағы қауіпсіздіктің негізі екенін дәлелдеп отыр.

"Көлік жүргізу рульді ұстап, педальдарды басу ғана емес. Бұл үлкен жауапкершілік. Көптеген жүргізушілер салдарын ойламай асығып жүреді. Әрине жолда әрбір секунд маңызды. Дегенмен бір қателік трагедияға әкелуі мүмкін. Сондықтан ережелерді қатаң сақтаймын. Бәріне де солай істеуге кеңес беремін", – дейді ол.



Сәуле Мұсаева Алматы техникалық институтын инженер-технолог мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолында инженер, экономист, зауыт директоры қызметтерін атқарып, зейнеткерлікке шыққаннан кейін Мақат ауданындағы автомектепте сабақ берген. Оның көлікке деген сүйіспеншілігі бала кезінен басталыпты. Ол өзінің алғашқы көлігін 1998 жылы сатып алған. Содан бері Сәуле Мұсаева бірнеше көлік ауыстырса да, өз ісіне адал.

"Жол қауіпсіздігі – әрбір жүргізушінің міндеті. Ережелерді сақтап, өзімізді ғана емес, айналамыздағы адамдарды да қорғаймыз. Полицейлер тәртіптің маңыздылығын үнемі еске салады. Өйткені бір сәт жасаған қателіктің соңы үлкен қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін. Әрбір жүргізуші жолда абай болып, өзінің және жақындарының өмірін қорғауы керек", – дейді ол.

Мақат жергілікті полиция қызметі бөлімінің учаскелік инспекторы Сайфолла Қапановтың сөзінше,  Сәуле Мұсаева облыстағы барша көлік жүргізушілеріне үлгі.

"Ол өзінің ұстамдылығымен танымал және құрметке ие. Ол ешқашан жол ережесін бұзған емес. Дәл осындай тәжірибелі, жауапкершілігі мол жүргізушілер жастарға үлгі болуы тиіс. Көктемгі мереке қарсаңында Сәуле апаны құттықтап, шын жүректен алғыс айтуды жөн көрдік", – деді Қапанов.

Алғыс ретінде полиция қызметкерлері 74 жастағы такси жүргізушісіне гүл шоқтары мен естелік сыйлық табыстады. Сосын барша жүргізушілерге жол ережесін сақтау маңызды екенін ескертті. 

Айта кетейік, бұған дейін Желіде БҚО-лық 93 жастағы мұғалімнің видеосы қазақстандықтарды тәнті еткен еді. Видеода кейуана тақтаға шығып, есеп формулаларын түсіндірген.

Талқылау