Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атырау облысында 605 миллион теңгеге салынған жаңа балабақша сүрілетін болды

Фото: azh.kz

Атырау облысында 605 миллион теңгеге салынған балабақша сүрілетін болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі АқЖайық басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Шоқпартоғай ауылында орналасқан балабақша ғимарат жаңа болса да іргетасы шөгіп, жарықтар пайда бола бастаған. Апатты балабақша үш жылдан бері қаңырап бос тұр. Жаңа ғимараттың қирауына нақты не себеп болғаны әлі белгісіз, кінәлілер де анықталмапты. Алайда "Теңізшевройл" ЖШС бөлген қаражат толық игерілген.

160 орындық "Балдәурен" балабақшасы "Игілік" бағдарламасы аясында 2016 жылы ашылған. Алайда пайдалануға берілгеннен кейін көп ұзамай ғимарат қабырғаларында жарықтар пайда болған. Мердігер ұйым – "АтырауРемСтройМонтаж" ЖШС бірнеше рет жөндеу жұмыстарын жүргізгенімен, іргетастың шөгуін тоқтату мүмкін болмапты. 2022 жылы балабақша апатты жағдайда деп танылып, жабылды.


Алматыда "Арыстан" базарының бір бөлігін заңсыз салған: Енді сауда орындары сүріледі


Балабақшаның апатты жағдайға түсуінің себептері белгісіз. Бейресми болжамдарға қарағанда, не жер телімі дұрыс таңдалмаған, не құрылыс кезінде қадалар қағылмай қалған. Дегенмен, бұл жағдайға байланысты ешқандай ресми қорытынды немесе тергеу нәтижесі жарияланған жоқ. 

"Балабақша жабылғанына үш жыл болды. 20 бала Құлсарыдағы балабақшаларға ауыстырылды, мектеп жанынан 82 балаға арналған шағын топтар ашылды. Кейбір балалар үйінде отыр. Дегенмен сұраныс артып келеді, халық балабақшаның қайта ашылғанын қалайды", – деді аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Гүлжансара Таңатарова.

Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақованың айтуынша, балабақша ғимараты аудандық білім бөлімінің балансында тұр. Техникалық сараптамадан кейін ғимаратты бұзу туралы түпкілікті шешім қабылданған.

Ал ауылда дәл сол "Теңізшевройл" ЖШС-нің қолдауымен жаңа балабақша салу жұмыстары басталыпты. Бұл жолы 280 орындық балабақша, келесі жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған.

Ал бұрынғы балабақшаға жұмсалған 605 миллион теңге желге ұшты.

Еске салсақ, бұған дейін сот шешімімен Алматыдағы Orda City тұрғын үй кешені сүрілгені туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 18 Маусым, 2025 22:50
Талқылау