"Атын айтпауды өтінді": Алаяқтар алдап, баспанасынан айрылған алматылық профессорға белгісіз біреу 23 миллион теңге берген
Фото: Кәкен Қамзин
Қартайған шағында алаяқтар алдап, баспанасынан айрылған алматылық профессор Кәкен Хамзинге халық 32 миллион теңгедей қаражат жинап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жағдайды профессор желідегі парақшасында баяндап берді. Айтуынша, қаражаттың 23 миллион теңгесін атын атамауды өтінген бір жомарт азамат әкеліп берген.
“Бір жарым ай бұрын баспанамнан айырылып қала жаздаған ауыр жағдай бастан өтті. Өкінішке қарай, алаяқтарға алданып, үйімді қайтарып алу үшін шілденің 5-інен бастап ел-жұрттан "жылу" жинауға мәжбүр болдым. Бұл мен үшін де, отбасым үшін де оңай шешім болмады. “Өлімнен ұят күшті” дейді. Бірақ сіздердің шынайы жанашырлықтарыңыз, қолдауларыңыз, жылы сөздеріңіз бізге үміт сыйлады.
Аллаға мың да бір шүкір, бүгін сол "жылу" жинауды ресми түрде тоқтататынымды қуана хабарлаймын. Осылайша, жиналған қаражат 9 529 836 теңгеге жетті. Ал енді ең күтпеген әрі жүректі елжіреткен сәт, бүгін бір қайырымды азамат (аты-жөнін айтпауды сұрады) жетпей тұрған үлкен соманың барлығын (23 млн теңге) қолма-қол әкеліп берді. Бұл – қаржылай көмек қана емес, сенімнің, бірліктің, мейірімнің нағыз көрінісі. Ол азаматқа Алла разы болсын! Отбасына, өзіне тек жақсылық тілеймін!”, – деді Кәкен Хамзин.
Профессор енді сатып алушы отбасыға толық ақшасын табыстап, үйді өз атына қайта рәсімдеуге кірісетінін алға тартты.
Еске салсақ, Алматыда алаяқтар белгілі професорды алдап баспанасын сатып жібергені туралы хабарлаған едік.

"12 сағат сусыз және тамақсыз": Джей Ло концертінде жұмыс істеген кәмілетке толмаған волонтерлер ұйымдастырушыларға шағымданды
