Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Есімім – Берік, тегім – Тәңірберген”: Кореялық азамат Қазақстандағы өмірі мен қазақ тілін қалай үйренгенін айтып берді

Кореялық азамат О Санг Хо мырза Қазақстанда жүріп, Берік деген есімге ие болғанын айтады. Мұнымен қоймай, ер азамат тегін де “Тәңірберген” деп  қазақшаландырып алған. Ең алғаш елімізге оқу бағдарламасы бойынша ауысып келдім деген ол қазақ тілін үйренуге түрткі болған жағдай мен Алматыдағы өмірі жайлы Stan.kz тілшісіне әңгімелеп берді. 

– Санг Хо мырза, өзіңіз жайлы айтып беріңізші. Не себепті оқу бағдарламасымен Қазақстанға келуді ұйғардыңыз? 

– Ассалаумағалейкум оқырмандар! Менің есімім – О Санг Хо, қазақша Берік Тәңірбергенұлы. Менің туған жерім Оңтүстік Кореяның Пусан қаласы. Туған жерім туралы қазақтарға айтсам бәрі "Поезд Пусан" деген киноны еске алып жатады. Мен қазір Абылай хан атындағы қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде Корей орталығының зерттеушісі болып жұмыс істеймін. Сонымен қатар корей факультетінде сабақ беремін.

Қазақстан мемлекетін кореялықтар жақсы біле бермейді. Олар Қазақстанды бұрынғы Совет құрамында деп ойлайды. Мен бұл ойды өзгеркім келді. Отанымда жүрген кезімде қазақтар мен корей ұлтының арасында үлкен айырмашылық бар деп ойлайтынмын. Бірақ мұнда келген кезімде керісінше, көп ұқсастықтарымызды байқадым. Мәселен, мұнда да біздегідей жасы үлкен адамдарға үлкен құрмет көрсетіледі.

– Қазақ тілін қалай үйрендіңіз? 

– Мен осы университетте 4 жыл бойы қазақша оқыдым. Бірақ жалпы Корея тұрғындары үшін қазақ тілін үйренуге алты ай уақыт жеткілікті деп ойлаймын. Себебі қазақ тілі мен корей тілі сөйлемдерінің құрамы ұқсас. Сондықтан орыс тіліне қарағанда оңайырақ болады деп ойлаймын. Сөйлеу барысында аздап кемшіліктерім де бар. Мысалы, ауыл жаққа барғанда жасы үлкен ағалармен сөйлескенде кейде түсінбей қалатын кездерім болады. Достарыммен тек қазақша сөйлесемін. Олар маған қалай сұрақ қойса, мен оларға солай жауап беремін. 

– Қазақша есімім Берік Тәңірберген деп айтып қалдыңыз. Осы есіміңізге қалай ие болдыңыз? 

– Шынымды айтсам, “Берік” деген Қазақстандағы ескі есімдердің бірі деп ойладым. Бірақ университет кезінде бір қазақ профессор маған осы атты қойды. Осылайша 4 жыл бойы бәрі мені Берік деп атап кетті. Маған қазір бұл есімім ыңғайлы. Ал Тәңірберген деген тегімді мен өзім таңдадым. Себебі корей тілінде Санг Хо деген “Аспанды, тәңірді жырлайды” деген мағынаны білдіреді. 

– Қазақ пен кореялықтардың бір ұқсастығы –  жасы үлкен кісіге құрмет көрсетуі деп жоғары айттыңыз. Басқа қандай дәстүр сізге қызық болып көрінді?

– Иә, расымен де, бізде де, қазақтарда да қарт адамдарға деген сыйластығы, құрметі өте керемет. Бұдан бөлек қазақтың бірқатар салт-дәстүрлері ұнады. Осы орайда сіздердің руға, ата тектеріңізге көңіл бөлетіндеріңізге қатты қызығамын. Бүгінгі кезге дейін достарымның туған күн кештеріне бірнеше рет қонақ болдым. Енді қазақтың тойын көрсем деген арманым бар. 

– Қазақтың ұлттық тағамдары жайлы не айта аласыз?

– Менің ең жақсы көретін тағамымның бір түрі – ет. Ал Қазақстанда етпен жасалатын тағамдар көп қой. Корея тағамдарына қарағанда Қазақстан тағамдары қатты ұнады. Бешбармақ, қазы сияқты ұлттық тағамдарды жақсы көремін. Бізде бірақ жылқының еті көп желінбейді. 

– Өзге ұлт азаматтарына қандай кеңес айтасыз? 

– Оңтүстік Кореядан келетін азаматтарымыз біріншіден қазақтардың мәдениеті мен идеологиясын түсінуі керек. Өйткені біздің көп азаматтарымыз Қазақстанға келерде орыс тілін үйренуді жөн көреді.

Қазір ХХІ ғасырдағы Қазақстан тез дамып жатыр. Тәуелсіздік алған бөлек бір мемлекет болғандықтан бұны өзге ұлт азаматтарына ұғындыруымыз керек. Қазақстан туралы жетік білмейтіндер әлі де көп. Менің ойымша біз достық қарым-қатынасымызды нығайта жүріп, бір-бірімізге көмектесу арқылы бірге алға басамыз!

Қазір менде бір мақсат бар. Бір ай сайын Қазақстанның басқа қалаларына саяхат жасағым келеді. Алматыда жүргеніме 8 ай болды. Осы уақыт аралығында Оңтүстік Қазақстан мен бірнеше қалалар, Батыс жаққа шығып үлгердім. Тараз, Шымкент, Түркістан, Қызылорда Ақтау, Атырау, Талдықорған және Түркістан қалаларында болдым. 

Сұхбатты дайындаған: Гүлсезім Мұхатай, Нұрсұлтан Нұрманбек

Талқылау