"Атам мен әжем қазақ тілін үйретпейміз деп шешті": Қазақтар америкалық жігітке неге ана тілін білмейтіндерін айтып берді
Американың Огайо штатынан Қазақстанға жұмыс істеуге келген жас жігіт Алматыда бір жыл тұрып, орыс тілін меңгеріп алған. Ол енді қазақ тілін үйренгісі келеді. Алайда оны бір мәселе ойландырады. Америкалық жігіт Reddit ресурсында ойын бөлісіп, жағдайды түсінуге көмек сұраған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay
"Мен бұл даулы сұрақ болуы мүмкін екенін түсінемін... Алматыда кейінгі бір жыл бойы жұмыс істеймін. Менің байқауымша, бұнда ата-анасының екеуі де қазақша сөйлейтіндер болмаса, қазақ тілінде бірнеше сөз тіркесін қатар айта алатын адам өте сирек кездеседі. Бұл мені таңғалдырды. Өйткені менің білуімше, қазақ тілі барлық мектептерде оқытылады. Мұндағы қоғам екі тілді болғандықтан, мен балалар мектепте оқыған немесе қоршаған ортасындағы тілді қолданады деп ойлайтынмын. Бірақ неге бұлай, кім түсіндіріп береді? Әлде мектептерде қазақ тілін нашар үйрете ме? Егер туған тілің орыс тілі болса, қазақ тілін үйрену қиын ба?", – деп сұрады ол.
Бірнеше қазақстандық оның сауалына жауап жазған.
"Мен қазақ және орыс мектептерінде де оқыдым. Орыс тілді мектептерде қазақ тілінің оқытылуы өте күлкілі", – деп жазды қолданушылардың бірі.
Енді біреу алдыңғы жауапты қолдаған.
"Орыс тілді мектептерде қазақ тілінің оқытылуы шынымен өте күлкілі. Мен 11-сыныпта емтихан тапсыру үшін репетитор жалдап оқуыма тура келді", – дейді ол.
Үшінші қолданушы ана тілін білмеуінің себебін атады.
"Мен Алматыда өскеніммен қазақ тілін жақсы меңгермегеніме көбі ұрысатын. Мен тұратын ауданда қазақша оқытатын мемлекеттік мектеп жоқ (әлі де жоқ) екенін айтқанымда, кейбіреулер маған сенбейті. Олар мемлекеттік бағдарлама әлдеқашан жүзеге асырылғанын, ата-анам мән бермегенін айтатын. Бұл арада мен оқитын мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдерінен басқа мұғалімдердің барлығы тек орыс тілінде сөйлейтін. Міне осылай. Үйде де, мектепте де сөйлеуге мүмкіндігіңіз болмаса, оны ешқашан үйрене алмайсыз. Алайда мен грамматиканы жақсы біліп, ҰБТ-ны жақсы тапсырдым. Содан кейін тілді мүлде ұмытып қалдым. Мен, әрине, қазақ тілін білмеуімді кемшілік деп есептеймін, мүмкіндігім бола салысымен тіл курстарына қатысуды жоспарлап отырмын. Бірақ бұл менің кінәм немесе ата-анамның кінәсі дейтіндермен келіспеймін", – деді ол эмоциялы түрде.
Оның пікірін қазақ тілін үйреніп жүрген тағы біреу қолдады. Айтуынша ол тіл үйреніп жүріп күтпеген кедергіге кездескен.
"Мәселе мынада, егер сен мен сияқты шала қазақ болсаң, қазақ тілінде еркін сөйлейтіндер сені аяусыз келеке етеді. Әсіресе, олар қаладан болмаса, өздерін жоғары сезінеді. Мен ағылшын тілін үйрендім, қытай тілін үйрендім, бірақ маған үнемі сынмен күресу қиынға соқты. Орта мектепте мұғалім менің акцентім қорқынышты екенін айтқаны әлі есімде. Әжем маған мақалалар оқып беруімді сұрайды. Оқи бастағанымда әжем күледі. Менің үш жасымда анам әжемнен менімен қазақша сөйлесуін өтінді. Өйткені ол өзі бала күнінен бес ағасымен орысша сөлесіп өскен. Ата-әжем менімен тек орысша сөйлесетін. Мен олармен бірге үш жастан жеті жасқа дейін тұрдым, отбасымызда екеуі ғана қазақша сөйлейтін және олар бұл тілді маған үйретпеуге шешім қабылдады", – деп бөлісті ол.
Тағы бір кедергі – адамдарға қазақ тілінде сөйлеуді үйренуге көмектескеннен гөрі, орыс тіліне ауыса салу оңайырақ.
"Кейде кассирлер немесе көшеде өтіп бара жатқан адамдар маған қазақша сұрақ қояды, мен қазақша жауап беруге тырысамын. Бірақ олар бірден орысшаға ауысады. Бұл менің көңілімді қатты түсіреді. Тіпті әріптестерім де менің қазақшамды тыңдап тұрғаннан гөрі орысша сөйлесуге көше салғанды жөн көреді. Сондықтан маған иммерсивті көзқарас емес, мен тұратын елде үстемдік ететін тілде сөйлесу клубы керек", – деп шағымданды ол.
"Ауылдан қалаға көшіп келген ата-анам қоғамға сіңіп кету үшін орыс тілін білу керек" деп санайды.