Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Аталығы жұбын мұзда тастап кете алмаған": Желіде қос аққуды құтқарған қазақстандықтың видеосы жұрттың жүрегін елжіретті

Ақауда қос аққуды құтқарғандар жұрттың жүрегін елжіретті Фото: Желі кадрларынан скрин 

Павлодар облысының Баянауыл ауданында жергілікті тұрғындар мұз басқан Тұлусор атты шағын көлде ажал аузында қалған аққулар жұбын құтқарып қалды. Тұрғынның айтуынша аққулар жылы жаққа ұшарда аналық аққу мұзда қалып қойған. Ал аталық аққу оны тастамай сол жақта күтіп бірге тоңып қалып қойған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Instagram желісінде жарияланған құтқару сәтінің видеосы лезде тарап жұртшылықтың жүрегін елжіретті. Әлеуметтік желіге видеоны Бірлік ауылының тұрғыны Бауыржан Жақыпов жүктеген. Оның айтуынша, алдымен ол әкесімен бірге қатып қалған су айдынында бір аққуды байқап қалған.

Видеода аққу өзін қатып қалған мұздан құтқарып алған ер адамды мойынымен құшақтап алғаны көрінеді. Сол сәтте әкелі-балалы екеуі көлде тағы бір аққудың барын байқап, оған да көмекке асыққан. Белгілі болғандай, екінші құстың да қауырсыны мұзға қатып қалған. Жас жігіт оны абайлап мұз құрсауынан босатып, кейін екі құсты да көлікке алып кеткен.

"Кенет ауа райының күрт өзгеруіне байланысты аққулар аяз түскенше ұшып үлгермеген болуы мүмкін. Күндіз жылымық болып, түнде көл қатып қалған да, әлсіреген аналық құс мұз тұзағында қалған. Ал аталығы оны тастап кетпеген, бұл – нағыз аққуларға тән адалдық. Сәрсенбі күні Бауыржан екі құсты Павлодардағы ветеринарлық клиникаға жеткізеді, онда оларды орнитологтар қарайды", – деді Павлодар облыстық орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің басшысы Аждар Жүсіпов.



Құтқарылған аққулар жұбын Бауыржан уақытша қораға орналастырған. Оның айтуынша, аналық аққудың табандары сәл үсіп қалған. Ал аталығы қатты әлсіреген күйде болған.

"Өзім пеш жағып отырмын. Аналығы қазір аяққа тұра бастады, бірақ ұзақ тұра алмайды. Аталығының жағдайы жақсарды. Біз оларды алғаш көргенде, ол да мұз үстінде жатқан, бірақ орнынан тұра алды. Бәлкім, көмек шақыру үшін тұрған болар. Тамақты жақсы жеп жатыр. Алғашқы күні балалар тағамын бердік, қазір уатылған сұлы мен бидай қосып жатырмыз. Емдеп, күтіп-баптаймыз, көктемде табиғатқа қайта жібереміз", –  деді Бауыржан Жақыпов.

Құстарды құтқару сәті түсірілген ролик 200 мыңға жуық қаралым жинап, 15 мыңнан астам пікір қалдырылған. Елжіреген қазақстандықтар ер адамдарға жанашырлығы мен құстарға көрсеткен көмегі үшін алғыс білдіруде.

"Бейжай өтпегендеріңізге рақмет", "Жақсылық жақсылықпен қайтады", "Бұл құстар сіздерге бақыт әкелсін", – деп жазуда желі қолданушылары.

STAN.KZ
Жексенбі, 14 Желтоқсан, 2025 16:39