"Ата-ана құқығынан айыру қаралып жатыр": Жетісу облысында баласын аямай ұрған әйел ұстау изоляторына қамалды
Фото: Желі кадрларынан скрин
Оқу-ағарту министрлігі баласын жылу батареясына байлап, бар күшімен ұрып-соққан әйелдің оқиғасына қатысты мән-жайды түсіндірді. Ведомство қазір балалардың қауіпсіз жерде екенін, ал анасын ата-ана құқығынан айыру мәселесі қаралып жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ведомствоның мәліметінше, балалар қауіпсіз жерде, олардың жағдайы тұрақты.
“Зардап шеккен балаға қажет медициналық көмек көрсетілді. Сондай-ақ балалармен психологтар жұмыс істеп жатыр. Олардың өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ. Балалардың анасы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оқиға бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр. Қорғаншылық органдары оны ата-ана құқығынан айыру мәселесін қарайды”, – делінген хабарламада.
Жағдай Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті арқылы өңірлік бала құқықтары жөніндегі уәкілдің бақылауында екені хабарланды.
Сонымен қатар Жетісу облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Руслан Чарапиевтің айтуынша, ұсталған әйелдің жасы 28-де. Оның сөзінше, қорғаншылық органдарына оны ата-ана құқығынан айыру туралы ұсыныс жолданады.
Еске салсақ, қазақстандық әйел өз баласын жылу батареясына байлап, аяусыз ұрып-соққаны туралы хабарлаған едік.
Жаңа үйленсе де өзге қыздарға жазады: Қазақстандық психолог неліктен ерлердің опасыздыққа баратынын айтты