"Асты биік көлік сұраған еді": Бағлан Әбдірайымов өміріндегі өкінішін жеткізді
“Жігіттер” тобының әншісі, актер, кинопродюсер Бағлан Әбдірайымов өмірдегі өкінішін жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: https://www.instagram.com/baglan_abdraimov_official/
Өнер иесі Podcast Urpaq youtube-арнасына берген сұхбатында әкесіне берген уәдені орындай алмағанын айтып, көз жасына ерік берді.
“Өмірімдегі өкінішімнің үлкені – әкемнің өтінішін орындай алмадым. Пендешілікке салынып, жүріп алыппын. Әкем өмірінен өтер бұрын "асты биік көлік әперші, мініп жүрейін" деп өтініш айтқан еді. Оның көзі нашар көретін. "Көлік әперсем, бірдеңе болып қала ма" деген уайым-қорқыныш болатын. Бірақ кейін ойланып, "туған күні келе жатыр ғой" деп қарындастарымызбен ақылдасып, әперейін деп жүрген едім. Бірақ әкем о дүниелік болып кетті. Адамның емес, Құдайдың дегені болады екен. Туған күніне жетпей, таңертең шай ішіп отырып, анама "қан қысымымды өлшеші" деп кереуетте отырған күйі күліп, жүріп кете салған. Сонда бір "әттеген-айым" қалып кетті”, . Пенде болғаннан кейін сол "әттеген-айды" қалай басамын деген іштей бір тырнайтын өкініштер болды. Өкінішімді басу үшін денсаулығы мүлдем жоқ азаматқа Алланың разылығы үшін көлік сыйладым", – деді әнші.
-
"Табысымнан нан апаруға қорқатын едім": Бағлан Әбдірайымов қарызға кірген кезін баяндап берді
-
"Көліксіз қалып, біраз уақыт жаяу жүрдім": Бағлан Әбдірайымов ел алдында жан сырын ақтарды
Өнер иесінің айтуынша, жақында мүгедектігі бар азаматқа көлік сыйлағаны әкесінің алдындағы өтінішін орындағаны екен.
“Пенде болғаннан кейін сол "әттеген-айды" қалай басамын деген іштей бір тырнайтын өкініштер болды. Өкінішімді басу үшін денсаулығы мүлдем жоқ азаматқа Алланың разылығы үшін көлік сыйладым. Берген себебім, біріншіден, ішімдегі "әттеген-айды" басу болды. Екіншіден, әкемнің атынан садақа болсын деп ойладым. Төрт баланың, отбасының асыраушысы сол азамат болғандықтан қажетіне жаратсын деген мақсатта сыйладым. Ішіміздегі мұңды осылай жақсылыққа айырбастамасақ, басқаша жолын білмеймін", – деді ол.
Еске салайық, Бағлан Әбдірайымов жарымен қалай танысқанын айтып берген еді.