Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жабайылық, адамдықтан жұрдай": Астаналықтар донер жарнамасына түйеқұсты пайдаланғандарға наразылық білдірді (видео)

Астанадағы жарнамада түйеқұс болғанФото: Видеодан скрин

Астанада донер жарнамасына түйеқұс пайдаланылған видео желіде қызу талқыға түсті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Видеоны елордалық донер сататын орын Instagram желісіндегі парақшасында жариялаған. Кадрларда мекеме кіреберісінде тірі түйеқұс тұрғаны көрінеді. Түйеқұс өтіп бара жатқан адамдардың назарын өзіне аударған. Бұл жарнамалық трюк әлеуметтік желілерде тез тарап, мыңдаған қаралым мен пікір жинады.

"Бүкіл әлем жарнамада жануарларды пайдаланудан бас тартып жатыр, ал бізде бәрі керісінше, өткен ғасырға оралғандай", "Ұят, жабайылық, адамдықтан жұрдай",  "Кейін оны көшеде жүгіріп жүрген жерінен көріпті. Бұл жарнама емес, қорлық", – деп қолданушылар наразылық білдірді.

Астана полиция департаменті бұл жағдайға байланысты әлеуметтік желілерде шағым түскеннен кейін тексеріс жүргізгенін мәлімдеді.

"Тексеру барысында жануарға қатыгездік таныту фактілері анықталған жоқ. Түйеқұсты көлікке салу үшін мойнынан ұстаған. Құс мекемеге жарнама мақсатында әкелінген", – деп хабарлады полиция.

Мекеме иесіне ескерту жасалып, жануарларды мұндай мақсатта пайдалану кезінде тиісті ережелерді сақтау қажет екені туралы профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Полиция мәліметінше, түйеқұс Сарыағаштан әкелінген. Қазір ол Қоянды ауылындағы фермада. Құстың өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ.


Facebook қолданушысы жарнама үшін Meta-ны сотқа беріп, 3 миллион теңгеден аса қаржы өндіріп алды


Шымкентте келуші түсірген видео 72 жастағы аспаздың бизнесін құтқарып қалды


Еске салайық, бұған дейін Ақтауда тегін донер таратылып, халық бірін-бірі таптап кете жаздағанын жаздық. Оқиға орнына жеткен полицейлер жиналғандарды тыныштандыру үшін дауыс зорайтқышты қолдануға мәжбүр болған. Маңғыстау облысы полиция департаментінің мәліметінше, оқиға 11 ақпан күні кешкі уақытта болған. Іс-шараны кафелердің бірінің қожайыны ұйымдастырған. Полиция кәсіпкермен профилактикалық әңгіме жүргізілгенін мәлімдеді.  Дәмхананың иесі акцияның мұндай салдары болады деп ойламағанын жеткізді. 

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 06 Тамыз, 2025 11:23
Талқылау
`