Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астаналық "Жеңіс" клубы жекенің қолына өтті:Енді Елордада жаңа әлемдік деңгейдегі футбол академиясы ашылмақ

Фото: “Жеңіс” фк

Қазақстанда тағы бір футбол клубы жекенің қолына өтті. Астаналық “Жеңіс” футбол клубын Kaspi.kz компаниясының басшысы әрі тең құрылтайшысы Михаил Ломтадзе сатып алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарата агенттігі хабарлайды.

Бизнесмен әрі инвестор енді Қазақстан мен Ұлыбританияда әлемдік деңгейдегі кәсіби балалар футбол академиясын құру жобасын ресми түрде іске асырады.

Бұл бастама Астанадағы "Жеңіс" клубының базасында жүзеге аспақ.

Жаңа академияның басты ерекшелігі – жастарға арналған тегін дайындық жүйесі. Мұнда жас футболшылар халықаралық стандарттарға сай жаттығып, заманауи инфрақұрылым мен әдістемелердің көмегімен кәсіби деңгейге көтеріле алады.

Михаил Ломтадзе бұл жобаның басты мақсаты – қазақстандық футболға жаңа серпін беру екенін атап өтті:

“Менің арманым – Қазақстанда және Англияда болашақ жұлдыздар тәрбиеленетін кәсіби футбол академиясын құру. Барлығы тегін болады. Жас спортшылар еліміз бен Англияның үздік мамандарымен жаттығады. Заманауи технологиялардың көмегімен қазақстандық футболды жаңа деңгейге көтере аламыз деп сенемін", – деді ол.

Жоба аясында тек академия салу ғана емес, сонымен қатар клубтың инфрақұрылымын жаңарту, бапкерлер құрамын күшейту және жасөспірімдер жүйесін біріздендіру жоспарланып отыр. "Жеңіс" футбол клубының бас директоры Айдын Қожахмет жаңа серіктестіктің маңызын ерекше екенін жеткізді.

“Михаил Ломтадзе сияқты инвестордың келуі – біз үшін үлкен мүмкіндік. Футболдың болашағы балаларға, инфрақұрылымға және заманауи әдістемеге байланысты. Бірлесе отырып, клубтың даңқын қайта жаңғыртып, қазақстандық футболдың дамуына үлес қосамыз деп сенеміз", — деді.

Айта кетейі, "Жеңіс" клубы 1964 жылы құрылған. Қазақстан футбол тарихындағы ең көне және ең табысты ұжымдардың бірі. Елордалық клуб 2000, 2001, 2006 жылдары 3 мәрте Қазақстан чемпионы атанған. Сонымен қатар 2001, 2002, 2005 жылдары Қазақстан Кубогын иеленген. 

Айнұр Мұхади
Бейсенбі, 13 Қараша, 2025 23:49
Талқылау