Қазақстандық тұрғын елордадағы клиниканы аналық ұрығын ұрлады деп айыптады
Салтанат Садыкова есімді желі қолданушы Threads-тегі парақшасында Астанадағы "Fertility" клиникасын және сондағы дәрігерлерді айыптап, жазба жариялады. Сөзінше, аталған клиника пациенттің биоматериалын (аналық ұрық жасушасын) әдейі дұрыс мұздатпаған және ұрлаған. Stan.kz ақпарат агенттігі Астана полиция департаментіне жүгініп, іс қозғалған-қозғалмағанын сұрады.
Фото: Unsplash.com
Салтанат Садыкова бұл клиника пациенттердің биоматериалдарын ұрлайды деп отыр.
"Құрметті халқым, мен қаңтар айында Ана мен бала ғылыми орталығының ЭКО бөлімінің құрбаны болдым. Осы бөлімшенің меңгерушісі Ким Владимир Викторович менің бір аналық жасушамды ұрлап кетті. Келісімшарт операция болған күні жасалды. Қылмысқа осы бөлімнің барлық медицина қызметкерлері жұмылған. Бірінші кездесуден бастап олар маған аналық жасушам жоқ екенін айта бастады. Сосын мен басқа емханаға бардым, олар менен екі аналық жасуша алды. Бірақ ол жақта қызмет қымбат. Олар пациенттердің биоматериалдарын эксперименттер үшін ұрлайды!", – деп жазба жариялады ол.
Астаналық тұрғын қылмысқа тікелей қатысушылардың фотоларын жариялады. Сөзінше, фотоларда репродуктолог және бас дәрігер Ким Роман Леонидович, оның көмекшісі дәрігер Соколовская Марина Владимировна, эмбриолог Ким Татьяна Николаевна және эмбриологтың көмекшісі Кабикенова көрсетілген.
"Менің жеке тексеруіме сенсек, қылмыс өршіп тұр. Менің жасушаларымды эксперимент үшін ұрлап, шетелдік клиникаға немесе Локшин В.Н-ға тапсырған деп есептеймін. Құқық қорғау органдарына өтініштер берілді", – деп жазды ол.
Кейін әйел тағы бір жазба жариялап, сөзінің рас екенін қайта айтты.
"Бұдан бұрын мен UMC (University medical center – ред) бөлімі ЭКО аналық жасушасын ұрлағаны туралы пост жазған едім. Ол кезде қалған жасушам Астана қаласы, Сығанақ 6 мекенжайындағы "Фертилити" емханасында кепілге алынған деп ойлағандықтан, барлық ақпаратты жаза алмадым. Биыл қаңтар айында осы емхана менің екі жасушамды ұрлап кеткен болып шықты. Оның үстіне бұл туралы репродуктолог Р.Л.Ким өзі айтып қойды. Олар қалған жасушаны әдейі қате мұздатып, апоптоз (жасушаның бөлінуі) жасады немесе олар басқа біреудің жасушасын енгізіп жіберді", – деп жазды Салтанат Садыкова.
Аталған жазбаға назар аударып, Астана полиция департаментіне тиісті сауал жолдадық. Полиция департаменті берген жауабында қылмыс құрамының жоқ болуына байланысты арыз қараусыз қалғанын хабарлады.
"С.П.Садыкованың арызы Астана қаласы "Нұра" ауданы Полиция басқармасының ақпараттарды есепке алу кітабына тіркеліп, Қылмыстық процестік кодекстің 185-бабының талаптарына сай, Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Астана қаласы бойынша департаментіне жолданды. Нәтижесі бойынша, азамат С.П.Садыкованың арызы қылмыс құрамының жоқ болуына байланысты, Астана қаласы "Нұра" ауданы Полиция басқармасымен қараусыз қалдырылды", – деп жауап берді Астана полиция департаменті.
Ал Астанадағы "Fertility" клиникасы бұл оқиғаға қатысты пікір білдіруден бас тартты.