Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астаналық тегін сүзгі орнатып беремін деп, ауыл тұрғындарын 40 миллион теңгеге алдап кеткен

Фото: Видеодан скрин

Алаяқтар халықты алдаудың жаңа айласын тапқан. Солардың бірі “үйіңізге тегін су сүзгісін орнатып беремін” деп тұрғындарға миллиондаған несие алғызып, алдап кеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Алданғандар Ақмола облысына қарасты Сабынды мен Кеңбидайық елдімекендерінің тұрғындары. Олардың сөзінше, сенімге кірген азамат бір емес екі банктен несие рәсімдеп, тұрғындарды қарызға белшесінен батырып кеткен. 

Тұрғындарды сөзіне сендірген азамат үй-үйді аралап, “су сүзгісін тегін орнатамын, несиені өзім төлеймін” деп айтқан. Сөйтіп, жұртты 40 миллион теңгеге жуық қарызға батырған. Бастапқыда күдікті уәдесінде тұрып, несиені төлеген. Бірақ одан кейін ауыл тұрғындарының жеке сәйкестендіру нөмірін, есепшоттарын, деректерін толық жинап, еш ескертусіз, екі банктен бірдей тауарлық несие рәсімдей бастаған.


"4 мыңнан астам ата-анадан миллиондап жиналған қаражат жоғалып кеткен": Депутат Tesla Education оқу орталығын алаяқтық жасады деп айыптады


"Әрқайсынан 1 миллионнан алды": Мыңға жуық ата-ана Tesla Education білім беру орталығын алаяқтық жасады деп айыптады


“6 қараша келген кезде “қалған ақшаны жабамын. Сізге 550 мың теңгені былай аударайын, қалған несиені осы арқылы жауып тастайсыз” деді. Сол үшін каспиімді беріп қойып, 6 қараша күні Home банктен тағы 1,5 миллионды былай біреудің Жеке кәсіпкерлігі арқылы тауарлық несие қылып аударып жіберген”, – деді ауыл тұрғыны Майсагүл Ноғайбек. 

Қазір полиция бөлімі алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Осы қылмыстық іс бойынша 25 адам жәбірленуші деп танылған. Бірақ ауыл халқын алдады деген адам әлі қолға түспеген.

“Күдіктінің жеке басы анықталды. Ол 1990 жылы туған Астана қаласының тұрғыны. Қазір күдіктінің орналасқан жерін анықтау және оны ұстау бойынша жедел іздестіру іс-шаралары жүріп жатыр”, – деді Ақмола облысы полиция департаменті басқармасының аға инспекторы Алмагүл Тұрсынбаева.

Қазір елдің сеніміне кіріп, жұртты иландырған азамат іздестіріліп жатыр. Ал ауыл тұрғындары ай сайын банктерге миллиондаған теңгені амалсыз төлеп отыр. 

Айта кетейік, бұған дейін Алаяқтар 1,5 жыл бұрын қайтыс болған баланың емі үшін жұрттан ақша жинап келгені туралы айтқан едік. 

Жұмаділлә Нұрила
Сәрсенбі, 26 Қараша, 2025 10:13
Талқылау